Әлемдік жаһандану үдерісіндегі медицинадағы радиология – инновациялық қарышты әрі қарқынды даму бағдарына бет түзеген өрісті әрі өркенді сала. Бүгінде аса терең, жан-жақты білімді, зердені, көпжылдық кәсіби тәжірибені, төзім мен табандылықты, мігірсіз еңбек пен орнықты мінез-құлықты талап ететін мамандық тізгінін ұстаған жандар зор сұранысқа ие, тіпті отандық денсаулық сақтау саласында жетімсіз. Сәулелі терапияның соңғы үлгідегі заманауи жоғары технологиялық қондырғылары мен күрделі ақпараттық жүйе тілін жетік меңгерген, еркін әрі қиындықсыз қолдана алатын радиологтардың еліміздің қай өңірін зерделей қарасаңыз да жеткілікті екенін аңғарасыз.
Радиолог ол дәрігер ғана емес, медицинадағы барлық бағыттан білімдар, мардымды мағлұматқа ие, бірнеше сала басын бір арнаға тоғыстырған зерттеуші ғалым рөлін де сомдайды. Себебі қатерлі кеселді сәулелі диагностика арқылы анықтау, сараптама қорытындысын саралау, науқас ағзаның ерекшеліктеріне жіті назар аудара отырып, оңалу динамикасын бақылауда ұстау, дерттің дендеп кетуінің алдын алу радиологтардың кәсіби қарым-қабілеті мен білім-білігін айқындайды. МРТ, компьютерлік томография, операциялық ангиография және рентген қондырғылары жоғарғы сапалы диагностикалық зерттеулер жасауға мүмкіндік береді. Дәрігер радиологтар өз жұмыстарында әрбір науқас үшін мейлінше сәйкес келетін, жылдам әрі ауырсынусыз зерттеу тәсілдерін мұқият таңдау жолымен диагнозды дәл табады.
Маңғыстау өңірінде есімі елге етене таныс, адал еңбекпен абырой биігінен бой көрсетіп жүрген ақ желекті абзал жан Айазбаев Шамғұл Өткелбайұлы тәжірибесі кемел радиологтардың көшін бастап тұр. Шамғұл ағаның медицинаға қызығушылығы бойында бала жастан бүр жарса керек. Ол әу бастан хирург болуды армандайды. Талапты түлек Жетібайдағы орта мектепті бітіріп, айқын мақсат жетегінде Қарағандыдағы медицина институтына жол тартады.
«Институт қабырғасында жүргенде хирургияға ойысуды көздедім. Ол тұста оқуда озаттар ғана қиын әрі күрделі салаға құлшыныс танытатын. Мен хирургия және онкология бағытына бет бұрдым. Осылайша институтты хирург-онколог ретінде бітірдім», – дейді дәрігер.
Шамғұл аға еңбек жолын хирург болып Қарағандыда бастады. Екі жыл бойы жас талапкер ерекше ынта-ықылас, зор ыждаһатпен сүйікті кәсібінің қыр-сырын зерделей, үйренеді. Дегенмен туған өлкесіне оралып, қызметін жалғауды мұрат тұтады. Уақыт оздырмай оңды істің орайы келе кетті. Жас маман жолдамамен туған жерге оралып, облыстық онкология диспансеріне онколог және эндескопист болып жұмысқа орналасады. Шамғұл Өткелбайұлы – әр кез адалдық қағидатына арқа сүйеген жан. Күш-жігерін жасампаз дүниелерді ұғына, тың деректерді түйсіне түсуге жұмылдырды. Кәсіби өрлеу жолына жіті зер салсақ, іркіліссіз ізденіс пен үздіксіз еңбектің ерен үлгісіне куә боламыз. Мәселен, елден алысқа ұзап көрмеген Шамғұл аға білім қуып, Еуропаға сапар шегеді. Бельгиядағы беделді оқу орнында білімін шыңдайды. Шет тілін игеру-ге ықылас қояды.
«Бельгияға жол жүруге жүрексінгенім рас. Дегенмен ағылшын тілін алдын ала тұрмыстық деңгейде болсын үйренуге ден қойдым. Ол кезде Бельгия – компьютерлік томограф өндіретін зауыт орналасқан Еуропадағы елдердің бірі еді. Мен Тольятти, Санкт-Петербург, Мәскеу қалаларынан келген орыс тілді жігіттермен қатар білім алдым. Жоғары технологиялық медициналық құрылғының қыр-сырына қанығып, мүмкіндіктерін іс жүзінде сынадық. Бұл сапар мен үшін үлкен өмірлік тәжірибе болғандығы айқын», – деп еске алады радиолог.
Шамғұл Айазбаев 1997 жылы Еуропалық онкология мектебінде кәсіби біліктілігін жетілдіреді. Шетелдік мамандармен еркін пікір алмасып, кез келгеннің қолы жете бермейтін қомақты ғылыми мағлұматтар, теориялық әдіс-тәсілдер, зерттеу тұжырымдамалары астарына тереңірек бойлай түседі. Осылайша Кеңес Одағы үстемдік еткен тұста көпке беймәлім сәуле терапиясын қауіпсіз қолдану бағытын медицина ғылымының жаңа әрі әлеуеті зор саласы ретінде зерделей түсу Шамғұл ағаның алға қойған басты мақсатына айналады.
«Бельгияда көптеген тәжірибелі профессорлардың дәрістерін тыңдадым. Шетелдік ғалымдармен сол кезде орнаған достық қарым-қатынас уақыт өте әріптестік байланыс ретінде өрбіді. Менің дүниетанымыма әсер еткен белді профессор, бертін келе Еуропадағы нейрорадиологтар қауымдастығының президенті болған Паризелді ерекше атап өткім келеді. Төрткүл дүниедегі түбегейлі өзгерістер мен жасампаз жаңғыруларға негіз болған ғылыми-технологиялық төңкеріс медицина саласының болашағына аса зор ықпал етері сөзсіз. Радиология ғылымының келешегі фантастика әлемімен шектесуге сәл қалып тұр. Келешекте радиолог ғалымдар сәулелі диагностика мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін ұштастыру арқылы адам нанғысыз табыстар мен жаңалықтарға қол жеткізеріне сенемін», – дейді дәрігер.
Шамғұл Айазбаев ғылым саласында да біраз тер төкті. Тісқаққан маман қатерлі ісікті алдын ала анықтау, адамның өн бойына обырдың өркен жаюына тосқауыл қою бағытында ғылыми зерттеулер жүргізді. Сәулелі диагностика әдістері арқылы асқазан-ішек жолдарын зерттеудің клиникалық тәжірибесін енгізді. Сондай-ақ шақалақ жүрегін компьютерлік томографпен зерттеу тақырыбында ғылыми мақаласы жарық көрді. Жалпы Шамғұл ағаның елеулі еңбек жолы жемісті әрі жетістікке толы. Оның әр алуан республикалық және халықаралық басылымдарда жарық көрген ғылыми-сараптамалық, зерттеу-талдамалық сапалы еңбектері жоғары білікті радиолог-ғалымдар тарапынан лайықты бағаға ие болды. Білім-білігі зор дәрігер, отандық радиология саласында бүтін бір буынның қалыптасуына ықпал еткен Шамғұл Өткелбайұлы күні бүгіннің өзінде әйгілі неміс профессоры Байердің және ресейлік әріптестерінің жетекшілігімен зерттеуін жалғап келеді. Ғаламтор желісі арқылы кәрі құрлықтағы ғана емес, бүкіләлемдік радиология және онкология саласындағы ең соңғы ашылулар, өнертабыстар мен ғылыми жетістіктерден әркез хабардар. Шамғұл аға – халықаралық симпозиумдардың, конференциялар мен жиындардың құрметті қонағы.
«Мен еліміз әрі облыс бойынша сәулелі диагностика қондырғыларын алғаш қолданған радиолог дәрігерлердің бірі болдым. Ол кезде медицинадағы ғылыми зерттеулерге деген көзқарас мүлдем өзгеше болатын. Сол тұста өңірдің денсаулық сақтау басқармасының тізгінін ұстаған С.Бердәулетов, Б.Тұрарбеков секілді азаматтардың сіңірген еңбегін ерекше атап өтуге тұрарлық. Қазіргі жас мамандардың бойынан өз кәсібіне деген шексіз адалдықты, білуге, түйсінуге, зерделеуге деген ынта-ықыласты, жаңашылдыққа деген ұмтылысты көргім келеді. Мемлекет тарапынан медицинаға қолдау зор болуы тиіс. Қазіргі таңда ауруханаларды соңғы үлгідегі заманауи медициналық қондырғылармен қамту жағы осалдау. Біздің қолданыстағы көптеген құрылғылар ескірген. Сондықтан адам ағзасын диагностикалық зерттеу аймағы мен мүмкіндіктері шектеулі. Қазіргі таңда дамыған елдерде соңғы үлгідегі жаңа буынға арналған магнитті-резонансты томографтарды қолданысқа ендіру іске асып келеді. Себебі МРТ қондырғылар адам ағзасындағы кез келген, әсіресе бас, ми, жұлын, омыртқа, буындар мен ас қорыту жүйесі ауруларын жеңіл әрі жылдам, сондай-ақ ешбір залалсыз анықтаудың теңдессіз әрі ең тиімді жолын ұсынады. Оның магнитті өрісінің қуаттылық диапазоны емделуші үшін еш зияны жоқ. Қазіргі таңда МР трактография, МР спектрсокопия секілді бағыттары қарқынды дамып келеді. Біздің мамандар осы жасампаз дүниелерді игерулері қажет. Өңірлік медицина саласында көптеген жетістіктерге қол жеткізіп жүрген жас мамандар жетерлік. Олардың әлеуеті де, білім-білігі де көңіл қуантады. Тек жағдай жасалуы тиіс», – дейді дәрігер.
Шамғұл Айазбаев – еңбегі еленіп, көптің құрметіне, халықтың алғысына бөленген жан. Отандық радиология және онкология саласын дамытуға қосқан үлесі үшін жоғары деңгейлі марапаттарға да ие болды. 1987 жылы Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігінің құрмет грамотасымен, 2012 жылы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Шамғұл Айазбаев күні бүгінге дейін өңір халқына қалтқысыз қызмет етіп келеді. Ісіне адал, өз саласының үздігі атанған азамат алдағы уақытта да ел игілігі үшін ізгілікті еңбек жолын жалғай түсуді мұрат етеді.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ