Бұл туралы Маңғыстау облыстық орталық Бекет ата мешітінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мейірімділік пен жақсылық айы, пенделерге ізгі істер жасап, имандылыққа бет бұруға зор мүмкіндік беретін рамазан биыл сәуірдің 24-і басталып, отыз күнге жалғаспақ. Бес парыздың бірі саналатын оразаны ұстап, ауыз бекіткендер айт намазын мамырдың 24-і оқитын болады. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мұндай шешім халықаралық астрономиялық зерттеу орталықтарының мәліметтері мен Мысыр, Түркия, Ресей,Өзбекстан және Қырғызстан мұсылмандары діни басқармаларының ұстанымдарына сүйене отырып шешілгендігін айтқан болатын. Осыған орай, облысымызда қасиетті айға дайындық жұмыстары басталып кетті. Бұл туралы ҚМДБ Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Елжанов мәлімдеді.
⁃ Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с. "Ораза айдың тууына қарап бастап, аяқтаңдар. Егер ай көрінбесе, шағбан айын отыз күнге толтырып, бастай беріңдер" деген. Шариғат бойынша, балиғат жасқа толған, ақыл-есі дұрыс, дені сау мұсылман баласына ораза ұстау-парыз. Жолаушылар, сырқат жандар, жүкті немесе балалы әйелге ораза тұтуды кейінге қалдыруға рұқсат етіледі, дейді ҚМДБ Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Елжанов.
Аудан-ауыл имамдарының басқосуында Әнуар Ізімбайұлы биыл пітір садақасының құны 370 теңге болғанын жеткізді. Бұл екі келі ұнның бағасына тең. Сондай-ақ, пітір, підия, зекет садақаларын Kaspi Bank жүктемелері арқылы үйден беруге болады. Елдегі короновирус індетінің жаппай таралу қаупі салдарынан, тарауих намазы үйде оқылады. Ауызашар дастарханы да мешітте емес, ораза ұстаушының өз шаңырағында жайылады. Биылғы ораза айының осындай өзгешеліктерін алға тартқан Әнуар Елжанов имамдарға тиісті тапсырмалар беріп, мешіттің ішкі-сыртқы тазалығы мен тәртібін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.