ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агентігінің жанынан құрылған ақпараттық ағарту үгіт насихат штабының Маңғыстау облысы бойынша басшысы Айсулу Дутбаева қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтады.
"Наурыз – жыл басы, Ұлыстың ұлы күні. Наурыз – бірліктің, татулықтың, ізгіліктің мерекесі саналады. Осы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Қазір әлем жұртшылығын алаңдатып отырған коронавирусқа байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел аумағында төтенше жағдай жариялап, сақтық шараларын күшейтуді тапсырды. Ел Президенті айтқандай, біздің болашағымыз – біздің ғана қолымызда! Сондықтан «сақтықта қорлық жоқ» демекші, айтылған сақтық шараларын сақтайық. Әлеуметтік желілерде таралған әртүрлі ақпараттарға арандамай, тек ресми органдардың ақпаратына сенейік.
Сонымен бірге, мен Елбасының елімізде осындай қиын кезеңде көмек көрсету үшін Қор құру жөніндегі бастамасын қолдаймын. Қор жеке тұлғалар мен Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі бей-жай қарамайтын әр азаматтың еліміздегі мәселені шешуге өз септігін тигізуіне мүмкіндік береді. Өз көмегін көрсеткісі келетін жандар саны күн санап артуда. Енді біз бұл игі істі бірігіп атқара аламыз. Біз біргеміз!
Осы қиындықтарды жұрт болып жұмыла еңсеретінімізге сенемін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, Наурыз баршамызға ынтымақ пен береке алып келсін!