Ақтаулық жас жұбайлар Муслим мен Ақбөбек қазір Америка Құрама Штаттарында өмір сүріп жатыр. Муслим АҚШ-та әртүрлі халықтар өмір сүріп, алуан түрлі салт-дәстүр ұстанатынын айтты. Маңғыстау медиа тілшісі арман қуып, АҚШ-қа барған Муслиммен сұхбаттастқан еді. Мархаббат! Оқи отырыңыз, қадірлі оқырман, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
- Муслим, армысыз! Америкада тұрып жатқаныңызға қанша жыл болды?
- Біз АҚШ-қа 2022 жылы қаңтар айының 11-і күні келдік. Сол жылы елімізде «қайғылы қаңтар» оқиғасы болып жатыр еді. Қаңтар оқиғасына байланысты АҚШ-қа ұшып баруымыз қиын болды. Сатып алған билетіміз күйіп кетіп, әуежай жауылып қалған болатын. Алайда жолын тауып аман-есен ұшып келдік. Міне, сол жылдан бері осы елде тұрып жатырмыз.
- Өзге елге кетуіңізге не себеп болды?
- Әйелім Ақбөбек екеуміз мектеп табалдырығын аттаған алғашқы күннен бастап сыныптаспыз. Кейін үйленіп, шаңырақ көтердік. Екеуміздің де бала кездегі ең үлкен арманымыз – АҚШ-қа барып, өмір сүріп көру еді. Сол жақта өмір сүріп көріп, жұмыс істеу, сондағы адамдардың өмірін көру... Кішкене күнімізден Голливуд фильмдерін көріп өстік. Бала арман, қиялымыз АҚШ-қа жетеледі. Міне осылайша сәті түсіп әйелім Ақбөбек гринкард ұтып алды. Сөйтіп, жаңа туған Даяна деген қызымызбен Америкаға ұшып кеттік.
- Қазір қандай кәсіппен шұғылданасыз?
- Мен АҚШ-қа алғаш келген жылы ауыр жүк көлігін жүргізіп жүрдім. Яғни, truck driver. Осы жұмысымның арқасында бүкіл елді аралап шықтым. Көп штаттарда болдым. Кейін отбасымның жанында болатындай жақын жерден жұмыс іздей бастадым. Содан жүк көлігін жүргізуді қойдым. Қазір теледидар жөндеу, үй қабырғасына суреттер ілу, жиһаздарды жөндеу секілді жұмыстармен айналысып жүрдім. Болашақта IT мамандығын оқып алуды жоспарлап жүрмін.
- Қазақстан мен АҚШ-тың айырмашылығын атап өте аласыз ба?
- Екі елдің айырмашылығы өте көп. АҚШ елі көп нәрседе: экономика, әлеуметтік өмір, медицина, т.с.с сапасы бойынша Қазақстанға қарағанда дамып, әлдеқайда ілгерілеп кеткен. Адамдары да әрдайым күліп, жайдары жүреді. Менталитеті де өзгеше. Айта берсеңіз көп. Ең бастысы өмір сүру салты басқаша. Иммигранттар, сондай-ақ басқа ұлттар көп шоғырланған ел болғандықтан тап басып, бұл елдің халқы жайлы көп нәрсе айта алмаймын. Өте көп адамдар, әртүрлі ұлттар, әртүрлі салт-дәстүрлер бар.
- Америкаға қоныс аударған кейбір адамдар ол елдің еркіндігіне шыдай алмай, кері қайтып кетеді деп жатады.
- Америкаға келген адамдар алғашында көп қиналады. Себебі, олар өмір бойына өз елдерінде басқаша жүйемен өмір сүріп, салт-дәстүр ұстанып келді ғой. Кейбірі қиындыққа шыдамайды. Ал бірі бейімделу барысына шыдай алмай жатады. Тіл білмесең өте қиын. Ең азы тамақ ішу салты да бөлек. Мысалы сіз даладан тамақ ішетін болсаңыз, тамақтары ұнамауы мүмкін. Үй жағдайындағы астан бөлек. Сондықтан, кейбір адамдар шыдамай кетіп қалып жатады. Ал жеке өзімнің үйреніп, осы әлеуметтік өмірге сіңісіп кетуіме 1,5 жыл уақыт кетті.
- Дәстүрлі отбасыда тәрбиеленген сіз үшін осы дүние әсер етті ме?
- Дәстүрлі отбасыда тәрбие алған жеке өзіме мұндағы демократиялық еркіндік қатты әсер етпеді. Иә, кей құндылықтары бізге жат. Қалай бар солай қабылдадым. «Әркімнің өз дәстүрі мен менталитеті өзі үшін». Біз өзіміздің дәстүрімізді ұстанып, ұлттық мерекелерді тойлап отырамыз.
- Америкада қазақ диаспорасы жайлы аз-кем сөз етсек? Ондағы қазақтармен кездесіп тұрасыз ба?
- Иә, мұнда қазақ диаспорасы бар. АҚШ-да қазақтар өте көп. Олардың дені үлкен қалаларда өмір сүріп жатыр. Chicago,New York, Los Angeles... деген сияқты үлкен қалаларда. Қазақтармен жиі кездесіп тұрамыз. Елден шалғай болған соң ба, қазақтар көзіме сондай жылы ұшырайды. Мұндағы қазақтар мерекелерде бас қосып, жиналып, керемет көңілді кештер ұйымдастырып тұрады. Кейде Қазақстанның әншілері жиналып, концерт береді. Былай өзіміздің дос-бауырларымызбен кездесіп тұрамыз. Үйлеріміз де жақын. Бір-бірімізге қонаққа барып, туған күндерді бірге тойлап, кеңестерімізбен, лайфхактарымызбен бөлісіп тұрамыз.
- Болашақта елге қайтып келу ойыңызда бар ма?
- Әрине, жақын-болашақтағы 4-5 жылда елге қайта оралуым мүмкін. Өйткені қыздарым қазақы ортада ұлттық дәстүрмен тәрбиеленгенін қалаймын. Дәл қазіргі жағдайымда бұл мен үшін өте маңызды дүние. Себебі, жоғарыда айтып кеткенімдей бұл жақтың менталитеті мүлде басқа. Ал олар есейіп, ержеткен соң АҚШ-қа оқуға түскендерін қалаймын. Осы елдің оқуын оқып, білімін алсын деген жоспарларым бар.
- «Америкалық арман» жайлы айтып өтсеңіз?
- «American dream» - өз үйің, жақсы табыс әкелетін жұмысың мен көлігіңнің болуы. Шындығына келсек, меніңше, бұл «American dream» емес. Адамдар бұл нәрсені осы елген келген соң түсінеді. Бұл елде үйіңіз бен көлігіңіз үшін қомақты салық төлейсіз. Салық жүйесі қатты дамыған. Ал салық төлемеген адам қатаң жазаланады.
Америкада барлығы салық, салық, салық... Шын мәнінде «American dream» дегеніңіз қаржылық еркіндік қой. Ол барлығын ойланбай сатып алатын адам. Ал бұл – нағыз «American dream». Адамдар Американың менталитетіне қызығады ғой. Өйткені кинодан көріп өсті. Ал кинода жақсы жақтарын көрсетеді. Сол себепті адамдарда осындай көзқарас қалыптасады. Жақсы жақтары бар, сонда да шындыққа тіке қарау керек. 1000000$ болса да бай емессің...
Америкада әртүрлі халық, ұлт тұратынын айтып өттік. Әркімнің көзқарасы әрқалай. Мысалы Қазақстанда бірдей көзқарас болса, бұл жерде басқаша. Мәселен «Amische» (жергілікті қауым) - бұлар қаладан бөлек, цивилизациядан бөлек жерде тұратын адамдар тобы. Телефон қолданбайды, көлік мінбейді. Табиғатпен үндесіп өмір сүреді. Өздерінің таза өнімдерін ішеді. Атпен жүреді. Шаруашылықтары бар. Өз құндылықтарын қатты ұстанады. Ұзын киініп, қарапайым жүреді. Материалдық құндылықтан рухани құндылықты жоғары қояды. Бір қызығы, АҚШ-та осындай адамдар да өмір сүреді.
- Муслим, шынайы әңгімелескеніңіз үшін алғыс айтамыз!
Сұхбаттасқан: Ислам Қабулұлы