Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің 2019 жыл ішінде атқарған жұмыс қорытындылары, алдағы уақытта міндеттерін іске асыру жоспарлары талқыланған отырыс өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отырысқа Президент Әкімшілігінің өкілдері мен Агенттіктің, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының қызметкерлері, сонымен қатар бейне-конференция арқылы Агенттіктің аумақтық департаменттері қатысты.
МҚІА төрағасы Анар Жаилғанова Ұлт Жоспары - 100 нақты қадамның бірінші бағытын жүзеге асыру шеңберінде мемлекеттік аппаратты бұдан әрі кәсібилендіру мәселелері Агенттіктің жұмысындағы басым бағыт болып қалатынын айтты.
Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған маңызды міндеттерінің бірі - мемлекеттік аппаратты кезең-кезеңімен оңтайландыру. Аталған шараның мемлекеттік қызметкерлердің тиімділігін арттыру үшін қабылданып жатқанын ескертіп өткен жөн. Соның өзінде оңтайландыру нәтижесінде босатылатын қаражат әлдеқайда нәтижелі қызметкерлердің еңбекақысын өсіру арқылы ынталандыруға бағытталатын болады.
Бұл мәселенің мемлекеттік органдарда жоспарлы түрде енгізіліп жатқан факторлы-балдық шкалаға негізделген жаңа еңбекақы жүйесін жүзеге асыру бойынша тәсілдермен келісілетіні ескертілді. Мемлекеттік аппаратты қысқарту мемлекеттік міндеттерді іске асыру шеңберінде кадрлардың саны мен сапасының салыстырмалы арақатынасын талап етеді.
Осыған байланысты Президент Әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес мемлекеттік органдарда кадрлық жоспарлау бойынша стратегиялық HR-тәсілді енгізу мәселесі қарастырылып жатыр.
Бірінші кезекте Агенттіктің және оның аумақтық департаменттерінің функционалдық талдауы жүргізіледі. Бұл бізге қызметтердің жасырын түрлерін анықтап, қосарлануын жоюға, және жалпы жұмыс мөлшерінің тепе-тең реттелуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл жұмыс аппараттың оңтайлы құрылымын және санын анықтауға алып келеді, сонымен қатар сәйкестендірілген құрылымдық бөлімдегі әрбір қызметкер үшін қажетті құзыреттіліктер шеңберін белгілеуге мүмкіндік береді. Осы арқылы біз Агенттікте стратегиялық кадрлық жоспарлауға арналған тетіктерді құрамыз, ал бұл өз кезегінде әрі қарай барлық мемлекеттік аппаратқа тарала алады, - деді Агенттік төрағасы.