«АMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен партияның кезектен тыс XXII съезінің шешімдерін орындау жөніндегі Маңғыстау облысы активінің жиыны өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Партиялық активтің жиынына саяси кеңестердің, барлық деңгейдегі мәслихаттың депутаттық фракциялардың, партия жанындағы қоғамдық кеңестердің, бастауыш партия ұйымдарының мүшелері мен партия белсенділері және аудан мен қалалардан өкілдері онлайн форматта қатысты.
Күн тәртібінде Партияның кезектен тыс XXII съезінің шешімдері мен жалпы Партияны жаңғыртудың бағдарламасын орындау міндеттері туралы мәселе қаралды. Ел Президенті партия жұмысын модернизациялау мақсатында партия атауын «AMANAT» деп өзгерту жөніндегі съезд шешімін қолдады.
«Бұл еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айырықша мәні бар киелі ұғым. Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең байтақ жеріміз – бізге бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керек», - деп атап өткен еді.
Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған. Партия бұл қағидатты берік ұстанады. Сондықтан партияның ребрендингі тек ұйымның атауын өзгерту емес, бірінші кезекте партияның бүкіл жұмысын жаңғыртуды білдіреді. Партия Төрағасы бұл бағытта жаңғыртудың 7 басымдығын ұсынды:
1. Халықпен кері байланыс жасау құралдарының тиімділігін арттыру;
2. Партияластар арасында ынтымақтастықты арттыру;
3. Партияның жұмысында ашықтықты арттыру;
4. Партиялық бақылауды күшейту;
5. Партияның бағдарламалық құжаттарын қайта қарау;
6. Халықтың әр түрлі топтарымен жұмыс істеу;
7. «Jas Otan» жастар қанатының жұмысын жетілдіру.
Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев депутаттарды халықпен тығыз байланыс орнатып, олардың әлеуметтік мәселелерін шешуді қамтамасыз етуді, партияның жұмысында ашықтықты орнату керектігін атап өтті.
Құрметті партияластар! Мемлекет басшысы, партия Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «Партия барлық реформаға ұйытқы болуға тиіс. Ол үшін өзгерісті алдымен өзімізден бастауымыз керек. Сондықтан бүгінгі күн тәртібіндегі негізгі мәселе – партияны жаңғырту», - деп атап өткен болатын. Сондақтан партияның әрбір мүшесі бұл жауапкершілікті терең сезініп, аянбай еңбек етеді деп сенемін. “АMANAT” партиясы адами құндылықтарды сақтай отырып, қоғам игілігі үшін қызмет етеді. Партия филиалдарына съезд шешімдерін аудан, қала активтерінің, депутаттық фракциялардың, бастауыш партия ұйымдарының жиналыстарында талқылауды және жедел, сапалы орындауды тапсырамын, - деді Нұрлан Ноғаев