«Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы «Miras» қоғамдық кеңесі облыс аумағында кітапханалар жүйесін дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Кеңесте мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы П.Сармурзина баяндама жасады. Оның айтуынша, облыста көпшілікке арналған 66 кітапхана жұмыс істейді. Олар: Ақтау қаласында - 10, Жаңаөзен қаласы - 7, Маңғыстау ауданы - 15, Түпқараған ауданы - 8, Қарақия ауданы - 9, Мұнайлы ауданы - 4, Бейне ауданы - 13. Кітапханаларда жыл сайын 150 мыңнан астам оқырманға қызмет көрсетіледі. Облыстық кітапхананың кітап қорында 430 мыңға жуық кітап және мерзімді басылымдар бар, аудан, қалалардағы 66 кітапхана үшін әдістемелік орталық қызметін атқарады.
- Облыс бойынша кітапханалық қор 1 461 537 кітаптар мен басылымдардан тұрады. Осы уақытқа дейін облыстық кітапханалар қорынан 732 238 кітап Рабис бағдарламасына құйылды. Аудандық кітапханаларда тегін интернет, коворкинг, «Парасат жолы» орталықтары бар. Биылғы жылы «Қабиболла Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасы» ММ-і жаңа ғимаратқа көшті. Мұнда кітапхана құрылымы кеңейіп, жаңа техника мен жабдықтар сатып алынды, оқырмандар үшін жақсы жағдайлар жасалып жатыр. Облыс кітапханалары - өлке тарихының тамыршысы» жобасы аясында өлкетану әдебиеттерін цифрлық нұсқаға көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сонымен бірге қаланың 11 шағынауданында қалалық балалар кітапханасы, Мұнайлы ауданының Басқұдық ауылында да осы жылдың күз айларында ауылдық кітапхана ашылады. Сонымен бірге қаланың 11 шағынауданында қалалық балалар кітапхана филиалы ашылу жоспарлануда, - деді П. Сармурзина.
Облыстағы ірі аудандардың бірі Мұнайлы ауданында 4 кітапхана ғана жұмыс істейді, халық саны 42 мыңнан асқан Атамекен ауылына,12 мыңнан асқан Дәулет, 11 мыңнан асқан батыр ауылдарына кітапхана өте қажет. 2021-2025 жылдарға арналған Маңғыстау облысының даму жоспарына аталған ауылдарда «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасымен мәдениет үйі мен кітапхана салу жоспарға қойылып, тиісті министрліктермен келісілді. Даму жоспарына сәйкес Сайын Шапағатов, Құланды, Жыңғылды, Өмірзақ ауылдарынан жаңа мәдениет үйі мен бірге кітапхана құрылыстары жүргізілетін болады.
Биыл Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылдық округінен 200 орындық ауыл клубы кітапханасымен құрылыс жұмыстары аяқталады деп жоспарланып отыр. Құрылыс толық аяқталған, ішкі безендіру жұмыстары жүргізілуде. Облысымыздағы кітапханалар оқушылармен, студенттермен, жастар орталықтарымен, қаладағы, аудан, ауылдағы әртүрлі ұлттық-мәдени орталық өкілдерімен, әскери бөлімдермен, спорт орталықтарымен байланыс жасап, оқырмандарды елжандылыққа, Отан сүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында жұмыстар жүргізеді. Облыстық кітапханамызда жасөспірімдер үшін «Жігер», өнер бөлімінде «Шебер қолдар», балалар бөлімінде «Айгөлек» секілді үйірмелер де жұмыс істейді. Облыс кітапханаларында 30 клуб пен үйірмелер жұмыс істейді. Балалар мен үлкендерге әдеби, патриоттық, қолөнер, шахмат клубтары, суретшілер клубы, ағылшын тілін үйрену, туризм саласын дамытуға, жас келіншектерге арналған т.б. бағыты бойынша жұмыс істейді.
Биыл мәдениет саласы бойынша ұйымдастырылып жатқан іс-шаралардың барлығы Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесіне орайластырылып отыр.
Конституция күні қарсаңында Облыстық кітапхана ғимаратының ашылу салтанаты және қазан айында Мұнайлы ауданындағы Басқұдық ауылдық клубы мен кітапханасының ашылу салтанаты ұйымдастырылатын болады. Сонымен қатар, Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Жаңаөзен қаласы Рахат ауылдық мәдениет үйі мен кітапханасының құрылысын аяқтап, салтанатты түрде ашылуы ұйымдастырылады.