Коронавирусқа шалдыққандардың 99,9 пайызы вакцина алмағандар. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінде 5,9 млн адам 1 компонентпен егілді. Бұл екпе алуға тиісті халықтың 59 пайызын құрайды. 2 компонентті екпе алуға қажетті халықтың 45,2 пайызы шамамен 4,5 млн адам алды. Вакцинацияның 1-дозасымен ең төменгі қамту проценті Маңғыстау облысында байқалады. Өңірлер вакцинаның жеткілікті көлемімен қамтамасыз етілген. Вакцинаны жеткізу кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Вакцинацияның тиімділігін бағалау барысында аурудың 99,9 пайызы вакцина алмағандарға тиесілі екендігі анықталды. Бұл ретте вакцинациядан кейін ауырғандардың үлесі не бәрі 0,1 пайызды құрайды», - деді Алексей Цой.
Министрдің дерегінше, екпе алмағандар арасында COVID-19-дан өлім-жітім үлесі 97,7 пайызды құрайды. Ал вакцинация алғандар арасында қайтыс болғандар 2,3 пайызды құрап отыр. Бұл ретте олардың ауыр созылмалы аурулары болған.
«Бұл факті COVID-тің ауыр салдарының алдын алудағы вакцинацияның тиімділігін тағы бір мәрте дәлелдейді», - деді ол.