Әлемнің барлық елдерінде АИТВ-жұқпасы өзекті ауру болып қалып отыр. Жұқпа адамның иммундық жүйесіне әсер етіп, дененің қорғаныс қабілетінің күрт төмендеуіне жеткізеді. Ал аурудың асқынуы ЖИТС-на–адамның жұқтырылған иммун тапшылығы синдромына ұласады. ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Маңғыстау облыстық орталығынан алынған мәліметке сүйенсек, 2022 жылдың 6 айы ішінде АИТВ жұқпасының 45 жағдайы тіркелген, оның 60,9%-ы жыныстық жолмен жұқтырған. Орталықтың эпидемиолог дәрігері Динара Нұрғалина адамдардың бұл дерттен сақтанбай, қамсыз жүретінін айтады.
-Өкінішке орай, адамдардың көпшілігі АИТВ жұқпасы өзіне ешқандай қауіп төндірмейді деп ойлайды. Олардың ойынша, бұл ауруды халық арасындағы жағдайы жайсыз отбасылар, есірткіге тәуелді адамдар, секс-қызметкерлер және ер адамдармен жыныстық қатынасқа түсетін ер адамдар сияқты топтағылар жұқтыруы мүмкін.
Расында да, АИТВ жұқпасы індетінің басында солай болды және АИТВ-ның жаңа жағдайлары дәл осы топтарда тіркелді. Бірақ бүгінгі күні бұл жұқпа жоғарыда аталған қауіп топтарына жатпайтын адамдар арасында тез тарап жатқаны шындық.
АИТВ жұқпасын жұқтырудың негізгі себебі, әдеттегідей, жұқпаның берілу жолдарын білмеу және қауіпті мінез-құлық болып табылады. Көптеген адамдар кездейсоқ жыныстық қатынасқа түседі, қажетті ақпарат, АИТВ жұқпасы мен жыныстық жолмен берілетін аурулардан қорғануға көмектесетін дағдылар жоқ. АИТВ жұқпасы анықталғандардың көпшілігінде оны жұқтырмас бұрын бұл жұқпа туралы ақпаратты білмегенін күнделікті тәжірибеден көріп отырмыз. Сондықтан, әр адам өзін қорғау үшін бірнеше ережелерді білуі қажет:
1. АИТВ жұқпасының берілу жолдарын білу. АИТВ қан арқылы, ұрық сұйықтығы және вагинальды секреция арқылы, сондай-ақ жұқтырған анадан балаға өтеді. Қарапайым ережелерді сақтай отырып, АИТВ жұқпасын жұқтыру қаупін төмендетуге болады. Кездейсоқ жыныстық қатынасты болдырмау, қорғаныс құралдарын қолдану, стерильді медициналық құралдарды қолдану аурудың алдын алуға көмектеседі.
2. Қауіпті мінез-құлыққа жол бермеу-есірткі қолданбау, ретсіз жыныстық қатынасқа түспеу.
Адамның бетіне, келбетіне қарап, ол кісіде АИТВ бар-жоғын анықтау мүмкін емес екенін атап өткім келеді. АИТВ оң нәтижелі адам дені сау болып көрінуі және өзін жақсы сезінуі мүмкін, бірақ ол вирусты басқаларға жұқтыра алады. АИТВ бар-жоғын анықтаудың жалғыз сенімді әдісі—АИТВ жұқпасына қан талдамасын тапсырып, тексерілу. Маңғыстау облысында АИТВ жұқпасына тексеру Ақтау қаласы, 3-шағын аудан, 170-ғимарат мекен-жайы бойынша ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Маңғыстау облыстық орталығының психо-әлеуметтік кеңес кабинетінде тегін және құпия негізде жүргізіледі. Өзіңізді жұқпадан қорғану мақсатында, АИТВ жұқпасы бойынша ақпарат барлығына қолжетімді, бұл ақпаратпен тиісті оқулықтардан, ғаламтор желі ресурстардан және біздің сайттан танысуға болады www.antispid.kz, - деді Динара Сәбитқызы.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА