Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай маңғыстаулық кәсіпкерлер Ақшымырау ауылына жаңа спорт кешенін сыйға тартты. Қаралда балуан атындағы жаңа спорттық кешенінің құрылысына 30 миллион теңге қаржы жұмсалған. Жаңа нысанның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Рақымбек Әміржанов, Маңғыстау ауданының әкімі Жармағамбет Айтуаров, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов пен облыс кәсіпкерлері арнайы қатысып, ақжарма тілектерін ағытты.
- Құрметті ауыл тұрғындары алдымен баршаңызды мұсылман қауымының ұлы мерекесі Құрбан айтпен құттықтаймын. Ниетіміз қабыл болсын, отбасыларыңыздан береке кетпесін. Биыл Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекесін тойлаймыз. Осынау мереке қарсаңында облыс көлемінде біраз жұмыстар атқарылып, жағымды жаңалықтар орын алып, жаңа нысандар пайдалануға берілуде. Өткен жылы Ақшымырау ауылында жаңа мәдениет ошағы ел игілігіне тапсырылса, бүгін ауыл жастарының салауатты өмір салтын ұстануға тәрбиелейтін жаңа спорт кешенін ашуға жиналып отырмыз. Бұл спорт кешенінен алдағы уақытта Маңғыстау мақтанышы, аты әлемге аян даңқты желаяқ Әмин Тұяқов, қазақ боксының атасы Шоқыр Бөлтекұлы сияқты спорттың сайыпқырандары өсіп шықсын, - деген Рақымбек Әміржанов бүгінгі таңда Маңғыстау ауданында 3000-нан астам жас салауатты өмір салтын сақтап, спортпен шұғылданатынын атап өтті.
Шарада сөз алған ауыл ақсақалы Дәриссалам Тілеубаев соңғы жылдары ауылда жасалып жатқан игі істерге тоқталып, спорт кешенінің Қаралда балуан аталу тарихына тоқталды. Ардагердің айтуынша, Қаралда балуанның шын аты-Аллаберген. Шамамен 1740-1820 жылдары өмір сүрген. Қаралда балуан жайлауға көшетіндей малы жоқ болғасын қысы-жазы Ақшымыраудан жеті шақырымдай жердегі «Қызық» құдығын мекендеген. Халық арасында: «Күшті болсаң Қаралдадай бол, құдықтан жалғыз өзі түйе тартып шығарған» деген сөз жиі айтылады.
- Қаралданың сәби кезіндегі күші туралы былай деп айтылатын: бесікте жатып шіренгенде қолбауын үзді, бала болып ойнап жүргенде сығымдап лақтырған қары ағаш үйдің киізін тесіп кетті, қашып бара жатқан асауға лақтырған тасы аттың аяғын үзіп кетті. Ел аузындағы айтылатын бір әңгімеде Хиуа ханы үлкен той жасап, соған Қаралда балуанды шақырыпты делінеді. Түрікпен жағы күреске жауырыны жерге тимеген Бәшім атты балуанды шығарады, күресте Қаралда Бәшімді жығып, қазақ абыройын асқақтатқан көрінеді. Сондықтан да осындай текті аталарының ізін жалғаған ұрпақтары да осал бола қоймас деп ойлаймын. Осы спорт кешенінде тәлім алып, жаттығатын ауыл жастарының да арасынан болашақта Азия, Әлем чемпиондары мен Олимпиада шыңын бағындыратын спортшылар шықсын деген тілектеміз, - деді Дәриссалам Тілеубаев.
Жалпы аумағы 1200 шаршы метрді құрайтын спорт кешенінде қазақша күрес, бокс, волейбол секциялары ашылған. Одан бөлек киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелері де қарастырылған.
- Ауыл жігіттерінің идеясымен «Жаңа адым» қайырымдылық қоғамдық қоры құрылып, спорт кешенін салуға бет бұрдық. Ауыл тұрғындарының ауызбіршілігі мен кәсіпкер ағаларымыздың көмегімен бес айдың ішінде Қаралда балуан атындағы заманауи спорттық кешені салынып, пайдалануға беріліп отыр. Мұндай кешен туралы ауыл жастары бұрыннан айтып жүретін. Дер кезінде қолға алынып, пайдалануға беріліп отырған нысан деп есептемейміз. Алдағы уақытта самбо секциясын ашуды жоспарлап отырмыз. Бұған дейін спортшылардың дайындалатын ғимараттары болмағандықтан аудан орталықтарына, қалаға барып жаттығатын, - дейді «Жаңа адым» қайырымдылық қоғамдық қорының мүшесі Дүйсенбек Сәдіғұлов.
Жаңа нысанның пайдалануға берілуіне қуанған ауыл тұрғындары мерекелік киіз үйлер тігіп, ұлттық нақышта көңіл көтеру іс-шараларын ұйымдастырды. Ауыл жастары спорттық жарыстарға белсене қатысып, балуандар боз кілемде белдесті.
- Жаңа спорт кешенінің ашылғанына ауыл жастары болып қуанып жатырмыз. Тәуелсіздік мерекесіне және жаңа оқу жылында спорт кешенін салып берген кәсіпкер ағаларымызға ризашылығымызды білдіреміз. Бұрын біздің волейбол командасы мектептің спорт залында жаттығатын еді. Орын да жетіспегендіктен, сабақтардың аяқталуын ұзақ уақыт күтетінбіз. Бұдан былай осы спорт кешеніне келіп, күнде кешкісін жаттығатын боламыз. Жалпы біз осы уақытқа дейін ауданаралық жарыстарға үнемі жүлделі орындарды иеленіп жүрдік, енді облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, ауылымыздың намысын абыроймен қорғайтын боламыз, - деді Ақшымырау ауылдық волейбол командасының капитаны Жаңалық Бисембаев.
Венера МИРЛАН,
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="9997,10009,10010,10008"]