Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Әнес Сарайдың «Адай тарихы» кітабының тұсаукесері өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Әнес Сарай өзі көзі тірісінде бұл еңбегін баспаға әзірлеп кеткен. Кітапта көне тас дәуірі мен Алашорда кезеңі аралығындағы Маңғыстау өлкесінің тарихын баяндалады. Әнес Сарай бұл еңбегінде қазақ хандығының елеулі оқиғаларына, адайлардың басқа рулармен қарым-қатынасы жөнінде жазған.
Шараға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, Әнес Сарайдың жұбайы Алтыншаш Жағанова, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов пен өңірдің ақын-жазушылары қатысты. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев шараға қатысушыларды жинақтың тұсаукесерімен құттықтап, Әнес Сарайдың қазақ әдебиетіне қосқан елеулі үлесін атап өтті.
«Адай тарихы» еңбегі адай руы жайында ғана жазылмаған. Онда миллиондаған жылдар бұрын қазақ жерінде орын алған оқиғалар кезең-кезеңімен кірістірілген. Өткенді ұлықтау-өскендіктің белгісі демекші, жас буынға Отанының тарихын, халқының дәстүрін білу шарт. Бұл орайда Әнес ағамыздың еңбегі өлшеусіз. Жаңа жинақ - ел руханиятын дамытуға қосылған тағы бір шығарма, - деді Нұрлан Ноғаев.
Кітаптың тұсаукесерін жасау үшін аймақ басшысы Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов пен өлкетанушы, Жазушылар одағының мүшесі Отыншы Көшбайұлын шақырды.
Бұл кітаптың тұсауы қасиетті Маңғыстау жерінде кесіліп жатыр. Кіші жүздің 25 руының ішінде шежіресі жазылған бір-ақ ру бар, ол – адай. Әнес аға қазақтың тарихына еңбек сіңірген адам. Тарихшы емес, жазушы сияқты жазған Әнес Сарай. Оның зерттеушілік қасиеті көп тарихшының маңдайына бітпеген қасиет. Бұл кісінің адай тарихын жазуы оңай іс емес. Қазір жанымызда болса біраз тарихты айтар еді. Бұрын айтылмаған, ешқашан ешкім естімеген, жанарына ілікпей қалған дүние осы кітапта барына сенемін. Сол үшін де Әнес аға дегенде ет жүрегіміз елжіреп, жақсы көріп кетеміз, - деді Мереке Құлкенов.
Кітаптың тұсауы кесіліп, жиналған көпшілікке «Адай тарихы» таратылды. Онан соң Әнес Сарайдың бірге қызметтес болған үзеңгілес достары мен іні-қарындастары жарқын естеліктерін айтты.
Маңғыстауда көрген-білгендерін жазған талай ғалымдар болды. Өйткені Маңғыстауда өзінің сұлулығымен көз тартатын ескерткіштер де, сөйлете білсең тау-тасы да әріден сыр шертетін аңызға толы екені белгілі. Әбіш ағамыз бен Әнес ағамыз Маңғыстаудың сонау жел бітіп, су аққалы тарихын әдемі ғылыми түрде жеткізген адамдар.Әнес Сарай Маңғыстауда алғашқы адамдар мекендеген сәттен бастап алтыншы атасына дейінгі өркениеттің бір-біріне жалғасып жатқанын кейінгі ұрпаққа жеткізіп отыр, - деді Отыншы Көшбайұлы.
Айта кетейік, Әнес Сарай қазақ тарихына қатысты бұрын айтылмай, айналысқа түспей жүрген ғылыми деректерді зерттеп, «Еділ-Жайық» трилогиясы, «Исатай мен Махамбет», «Асылдың сынығы», тағы да басқа әдеби еңбекті жарыққа шығарды. Ол «Еділ-Жайық» романы үшін 1992 жылы ҚР Мемлекеттік сыйлығына ие болған. 2021 жылдың ақпан айында белгілі жазушы Әнес Сарай дүние салды.