Болашақ» халықаралық стипендиясына үміткерлер үшін конкурсқа қатысуға құжат қабылдау мерзімі аяқталғанша 30 күн қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Құжат қабылдау 4 мамырдан 28 қазанға дейін еGov электронды үкіметінің порталы арқылы жүргізіліп жатыр. 2021 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алуға 1055 стипендия бөлінген.
Соның 445-і магистратура, докторантура, резидентура және тағылымдама бағдарламалары бойынша үлестірілді. 110 грант денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салалары, педагогтар, мемлекеттік қызметкерлер, инженер-техник мамандықтарына бөлінді. «Ғалымдар» тағылымдамасы санаты бойынша 500 стипендия бөлінді.
Олар ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес қазақстандық ғалымдардың әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтуін қамтамасыз ету үшін бекітілді.
«Осы жылы стипендия академиялық білім алу үшін 80 мамандық және тағылымдамадан өту үшін – 137 мамандық бойынша тағайындалады. Тізімге «Инклюзивті білім беру», «Вирусология», «Урбанистика», «Жаңа материалдар технологиясы» сияқты маңызды мамандықтар енгізілген», - деп атап өтті «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Айнұр Қарбозова.
«Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алуға кеңес етілген оқу мекемелерінің тізімінде 27 елдің 207 шетелдік жоғары оқу орны бар.