Бұл туралы Маңғыстау облысы дін істері басқармасының басшысы Мақсатбек Маханбетов мәлім етті.
Оның айтуынша, діни әдебиетті рұқсатсыз таратқан 3, діни рәсімдерді өткізу талаптарын бұзған 2, мешіттің қызмет жасауына кедергі келтірген 1, әлеуметтік желіде теріс діни материал жариялаған 7 адам жауапкершілікке тартылды.
«ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 490 бабына сәйкес ҚР Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзғаны үшін 13 азамат жауапкершілікке тарылып отыр. Оларға жалпы соммасы - 1 207 638 теңге көлемінде айыппұл салынды. Жыл басынан бері мемлекеттік қызмет алу үшін басқармаға 12 өтініш түсті. Оның ішінде ғибадат үйлерін салуға 4, діни іс-шаралар өткізетін үй-жайларды келісуге 2, миссионерлік қызметті жүргізуге 4, діни әдебиетті таратуға орын белгілеуге 2 байланысты түсті», деді Мақсатбек Маханбетов.
Спикердің айтуынша, 2018 жылдан бастап исламтанушы, дінтанушы, теолог мамандығына облыс әкімінің гранты бөліне бастаған. 2018-2021 жылы аралығында облыс әкімінің 38 гранты бөлінген. Бүгінде білім гранты бойынша студенттер «Нұр-Мүбарак» университетінде білім алып жатыр.
«2018 жылы облыс әкімінің грантымен 12, 2019 жылы 12, 2020 жылы 10 студент «Нұр-Мүбарак» университетінде білім алған. Бүгінде аталған университетте маңғыстаулық 98 студент оқып жатыр, оның 34-i облыс әкімінің грантын жеңіп алғандар», деді Мақсатбек Маханбетов.