Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті сыбайлас жемқорлық деректері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерумен қоса, оның алдын алу, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында бірқатар жобаларды жүзеге асырады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Атап айтқанда, 2018 жылдан бастап облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген отандық және шетелдік инвесторларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу мақсатында, «Protecting Business and Investments» жобасын сүйемелдеп келеді.
Бұл жобаның мақсаты - кәсіпкерлерді жосықсыз лауазымды тұлғалар тарапынан қысым көрсетілмеуіне, бизнес жобаларды жүзеге асыру процессі кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол берілмеуіне тосқауыл болу және бизнеске қолайлы жағдай жасау болып табылады.
Жалпы облыс бойынша 1,4 трл.теңгені құрайтын 26 отандық және шетелдік инвесторлармен сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеуге келісімге қол қойылды.
Жобалардың бірі инвестициялық құны 4,5 млрд. теңгені құрайтын «Ақтау-Агро» ЖШС-нің «Маңғыстау облысындағы ірі құс фабрикасының құрылысы» бизнес жобасын атауға болады.
Бұл жоба бойынша 2020 жылғы 20 қыркүйекте «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу» келісімі жасақталып, әр-түрлі туындаған сұрақтар бойынша департамент тарапынан келісімге сәйкес қолдау көрсетілді.
Бүгінгі таңда «құс фабрикасының құрылысы» жобасы аяқталып, құс өнімдерін өндіру жұмыстары іске қосылған.
21 қыркүйекте Департамент басшысының бірінші орынбасары Қуаныш Мырзағали, «Protecting Business and Investments» жобасының жүзеге асырылуы және жаңадан іске қосылған «Ақтау-Агро» ЖШС құс фабрикасының жұмысымен танысты.
Кездесу барысында инвестордың бизнес жобасының ауқымын кеңейтуде туындаған әкімшілік кедергілер жөнінде талқылап, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуда «Ақтау-Агро» ЖШС-нің құрылымына енгізілген комплаенс-қызметінің ролі мен маңызы туралы түсіндіріп, үлгілік әдістемеге сәйкес құқықтық көмек көрсетілді.