Бүгін, 5 сәуірде облыстық мәслихаттың кезекті X сессиясында депутаттар Маңғыстау облысының 2024 жылға арналған нақтыланған бюджетін бекітті, деп хабарлайды Mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – Маңғыстау облысының 2024-2026 жылдарға арналған бюджетке өзгеріс енгізу.
Маңғыстау облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес, бюджетке енгізілген өзгерістер өңірдің әлеуметтік басымдықтарын іске асыруға бағытталған. Бюджет құрылымының негізгі үлесін әлеуметтік саланың шығысы құрайды.
«Облыстың 2024 жылға арналған бюджеті 554,3 млрд теңгені құрады. Оның ішінде жергілікті бюджеттің кірістері 288,6 млрд теңге, республикалық бюджеттен берілетін трансферттер мен кредиттер 130,1 млрд теңге және субвенциялар 135,6 млрд теңге. Нақтылау арқылы білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және жастар салаларының қосымша шығындары жоспарланған. Халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға әлеуметтік төлемдерге, қоғамдық жұмыстарға, ағымдағы және күрделі жөндеулерге, сондай-ақ ұйымдарды материалдық-техникалық жарақтандыруға арналған шығыстар ұлғайтылды. Сондай-ақ, жастарды жұмыспен қамту мақсатында жазғы каникул кезеңінде «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша студенттер саны 1460-тан 2854 адамға дейін ұлғаяды», - деді Марина Альбекова.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласына бөлінген қаражат қоқыс контейнерлерін сатып алуға, аудандар мен қалалардың елді мекендерінде спорттық және ойын алаңдарын орнатуға, коммуналдық кәсіпорындардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға, көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттері мен шатырларын жөндеуге бағытталған.