Бүгінде елімізде шағын және орта кәсіпті дамыту қарқынды іске асып келеді. Бұл, біріншіден, Елбасының нақты тапсырмасы болса, екіншіден халықты жаппай жұмыспен қамтып, әлеуметтік тұрмыс сапасын арттыру болмақ.
Маңғыстау өңірінде де осы қарқын жоғары деңгейде. Атап айтар болсақ, «Бизнестің жол картасы – 2020», «Нұр капитал», «Еңбек», «Нұрлы жер» бағдарламалары кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндік беруде. Бұл туралы мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау тапқан кәсіпорындар бойынша Ақтау қаласында өткен баспасөз-турында айтылды. Тур барысында өңір журналистері қолдау тапқан кәсіпкерлердің кәсібімен танысып, тілдесіп қайтқан болатын.
«Нұр капитал» шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің аймақтық бағдарламасы бойынша бүгінгі таңда облыста 20-дан астам кәсіпкер өз жобаларын іске асыруда. Соның бірі – Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылында орналасқан «Мұхамбет» медициналық орталығы. Бұл жоба аты аталған бағдарлама бойынша «Forte bank» АҚ арқылы 7 жыл мерзімге 1%-бен 30 миллион теңге несие алып, емханаға керекті сапалы техникаларға қол жеткізіп отыр. Орталық қазіргі таңда аудан тұрғындарына амбулаторлық-емханалық көмек көрсетуде.
- «Нұр капитал» бағдарламасының берген мүмкіндігінің арқасында емхананың кардиология, гинекология, отоларингология, офтальмология қызметтері арнайы техникалармен жабдықталды. Бұл өз кезегінде тұрғындардың кезек күту мәселесін оңтайландырды. Мысалы, бұрын көздің қысымын, көру қабілетін анықтау үшін бір адамға кем дегенде 10 минут кететін болса, ал жаңа құрылғылар арқылы бір-ақ минут жеткілікті, - дейді медицина орталығының бас дәрігері Ұлжан Берікқызы.
Еліміздің даму жолындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі – медициналық қызметтің сапасын арттырып, денсаулық сақтаудың жоғары технологиялық жүйесін дамыту. Осы орайда ауыл тұрғындары үшін медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру мақсатында ашылған емхана бүгінгі таңда ауданның 14 450 тұрғынына сапалы қызмет көрсетуде. Сонымен қатар 73 адамды жұмыспен қамтып отыр.
«Бұл медициналық орталық Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың өзінің тікелей қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Нұр капитал» шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың өңірлік бағдарламасы аясында ашылып отыр. Бұл бағдарлама Жаңаөзен және аудан кәсіпкерлеріне арналған. Олар 30 миллион теңгеге дейін қаржылай қолдау ала алады. Сонымен қатар бағдарламаның ерекшелігі, кәсіпкерге несие 1%-бен ғана беріледі. Бұл еліміз бойынша да, облыс бойынша да алғашқы және ерекше, бірегей бағдарлама», - дейді Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасының кәсіпкерлікті қаржылай несиелік қолдау бөлімінің бас маманы Шынар Жолжанова.
Екінші жоба - Ақтау қаласындағы 26-шағынауданда орналасқан «Алма» балабақшасы. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша қолдау тапқан жоба «БанкЦентрКредит» АҚ арқылы жылына 6%-дық көрсеткішпен 11 миллион теңге көлемінде несие алған. Бүгінгі таңда балабақша барлық құралдармен жабдықталған және 130 баланы тәрбиелеуге дайын деуге болады. Қазіргі күні 40-тан аса бүлдіршінді тәрбиелеуде, сонымен қоса 12 адамды жұмыспен қамтып отыр.
«Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдау мақсатында жүзеге асып жатқан бағдарламалар біз секілді кәсібін енді бастағандарға өте тиімді. Шынымды айтсам, осындай мүмкіндікке ие болғаныма қуаныштымын. Пайыздық мөлшерлемесі де өте тиімді. Маған дұрыс бағыт-бағдар берген «Даму» қорының Маңғыстау облысы бойынша филиалына да алғысымды айтамын. Кәсіп бастағысы келіп жүрген тұрғындарға айтарым Елбасының біздерге арнап жасап жатқан мүмкіндіктерін қорықпай пайдаланыңыздар. Жұмысыңыз дамиды, өседі, өнеді дегім келеді», - деп қуанышын бөлісіп, телегін білдірді «Алма» балабақшасының иесі, кәсіпкер Күләш Қошқарқызы.
Айта кетерлігі, Ақтау қаласының тұрғындары жоғарыда аталған бағдарлама арқылы кәсіп бастауда зор мүмкіндікке ие болып отыр. Бүгінгі күні осы бағдарлама аясында қала бойынша 20-ға жуық кәсіпкер қолдау тауып, жобаларын іске асыруда.
«Елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мақсатында көптеген жобалар жүзеге асып келеді. Соның қатарында «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы өңірге жаңа серпін беруде. Ол өз кезегінде кәсіпкерлерге ең төменгі пайызбен кәсібін бастауға үлкен мүмкіндік береді. Сондай-ақ ол Ақтау қаласының кәсіпкерлеріне өте тиімді. Қазіргі таңда осы бағдарлама аясында кәсіпкерлерді қаржыландыруға 543 миллион теңге бөлініп отыр», - дейді Ш.Жолжанова.
Осы орайда «БанкЦентрКредит» АҚ өкілі Х.Тілеуқұлов «Еңбек» бағдарламасы бойынша сұраныстың өте жоғары екендігін айтады. Мысалы, өткен жылы банкке бөлінген 150 миллион теңге 2-3 айда толық иегірлеген. Демек кәсіпкерлердің кәсіп ашуға деген ынтасы зор.
Мамандар ат басын бұрған келесі жоба - «Каспий Кұрылыс ЛТД» ЖШС мекемесіне тиесілі «Айрақты» тұрғын үй кешені. Атап айтар болсақ, тұрғындарға арнап салынып жатқан көп қабатты үй «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы қаржыландырылған. Және осы бағдарлама аясында қолдау тапқан бұл жоба - Маңғыстау облысы бойынша алғашқылардың бірі болып саналады. Бағдарламаның негізгі мақсаты - кәсіпкерлерді тұрғын үй салуға ынталандыру болып отыр. Сонымен қатар құрылыс мекемелерінің мемлекет тарапынан қолдау ала алатын бірден-бір бағдарламасы да – осы.
«Ақтау қаласында қолжетімді баспанаға сұраныс өте жоғары. Оған аймақтағы демографиялық жағдай, туу көрсеткішінің жоғарылауы, халықтың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруы ықпал етуде. Сол үшін де құрылыс мекемелеріне мемлекет тарапынан көп қолдау көрсетіліп жатыр. Соның бірі «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша қаржыландырылған «Айрақты» тұрғын үй кешені. Нақты айтсақ, «Каспий Кұрылыс ЛТД» ЖШС мекемесі аталған тұрғын үйді салу үшін «АТФ Банк» АҚ-дан 14%-дық қаржылай көмек алған болатын, оның 7% «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында субсидияланып, 3 жыл мерзімге берілді», - дейді «Даму» қорының Маңғыстау облысы бойынша филиалының директоры Гүлжан Қалымбетова.
Бағдарлама аясында қазіргі таңда салынып жатқан «Айрақты» тұрғын үй кешеніндегі 250 пәтерлі көп қабатты 4 үй биылғы жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі. Сондай-ақ «Каспий Кұрылыс ЛТД» ЖШС мекемесі басшысының бірінші орынбасары Әділбек Шәріпұлының айтуынша, пәтерлерді сату «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы іске асырылады.
Келесі кезекте мамандар «Даму-Өндіріс» бағдарламасы аясында мемлекет тарапынан қолдауға ие болған «Caspio Plast» ЖШС компаниясының жұмысымен танысты. Аталған компания газ және су жүйесіне арналған полиэтилен құбырларын шығарумен айналысады.
«Ірі тапсырыстар түсе бастауына байланысты компания жоғарыда аталған бағдарлама аясында өздерінің айналымдағы қаражаттарын толықтырып, сапалы шикізат сатып алу үшін «Қазақстан халық банкі» АҚ-дан 6%-дық несиені 3 жыл мерзімге алды. Сондай-ақ компания бүгінгі таңда екінші өндірістік желі ашу арқылы өнімділігін арттыруды жоспарлауда», - дейді Г.Қалымбетова.
Заманауи технологиялар, сондай-ақ әлемнің жетекші компанияларының құралдарымен жабдықталған бұл жоба Қазақстан өндірушілер нарығында жақында пайда болғанымен, өз саласы бойынша жемісті нәтиже көрсете бастады. Бүгінгі күні компания 30 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Қорыта айтар болсақ, өңірімізде кәсіпкерлікке бет бұрғандардың саны күннен-күнге артып келеді. Оны «Даму» қорының Маңғыстау облысы бойынша филиалының директоры Гүлжан Жолмұрзақызы да растап отыр. Оларға күніне орта есеппен жүзге жуық адам кәсіп бастау үшін кеңес алуға келеді екен.
«Кәсіпкерлікті қолдау бағытында ұсынылған мемлекеттік бағдарламаларға деген сұраныс көп. Біз өзімізге келген әрбір тұтынушыға барлық жағынан ақпарат береміз. Олар өздеріне тиімді, ыңғайлы жобаны таңдап, банкке барып келісім алып, әрі қарай кәсібін бастауға үлкен мүмкіндікке ие болады», - дейді ол.
Қорыта келе, облысымызда биыл кәсіпкерлер үшін нәтижелі жыл болды деп есептейміз, ал келер жылы мүмкіндіктер мен жетістіктер бұдан да жоғарылайды деген сенімдеміз.
Айгүл ОРЫНБАЕВА Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="67250,67247,67249,67253,67248,67252,67246,67254,67251"]