©
Бұл туралы халық алдында есеп берген Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов мәлімдеді.
- Біз Маңғыстау өңірі агроөнеркәсіпті дамытуға қолайсыз деген пікір қалыптасқан. Бұл 18-19 ғасырлар емес, жаңа технологияның кезі. Ауыл шаруашылығын дамытуға толықтай мүмкіндік бар. Архив деректеріне қарасақ, бұрын Маңғыстауда 70 мың адам 1 млн 658 мың мал ұстаған. Құдықты қолдан қазып, малды көбейткен болса, қазіргі таңда неге өсірмеске? - деді облыс әкімі Е. Тоғжанов.
Облыс басшысы ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау, тамшылата суару әдісі арқылы өсіретін жылыжайларды кеңейту мәселелерінің бірінші кезекте тұрғанын айтып өтті.
Облыста бір жылдың ішінде жаңа 12 жылыжай іске қосылып, жалпы саны 27-ге жетті. Сонымен қатар былтыр Маңғыстау өңірінде ауыл шаруашылығы саласында бірнеше жоба іске асқан. Олардың бірі - Түпқараған ауданында ашылған жылына 650 мың тонна бөтелкедегі түйе сүтін өңдейтін «Ағарған» зауыты. Сонымен қатар Маңғыстау ауданында «Нақхан» және Қарақия ауданында «Сенек» шаруа қожалықтарының қымыз өндеу цехтары ашылды.
Ақтау қаласында голландиялық технологиямен жасақталған қуаты 1500 тонна көкөніс қоймасының 1-кезеңі аяқталды. Жалпы қуатты 3000 тонна, қазіргі таңда жабдықтарды орнату жұмыстары жүргізілуде.
Биыл тағы да 4 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Оның бірі Ақтау қаласында салынатын қуаты 4250 тонна көкөніс қоймасы. Ол мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы іске асырылады.
- Сонымен қатар Қарақия (Сенек), Түпқараған (Ақшұқыр) және Мұнайлы (Басқұдық) аудандарында 2 мың тонна көкөніс өнімдерін өсіруге арналған 3 жылыжай салынады. Қазіргі таңда өңірді өз көкөніс тауарымен қамту 10% болса, көрсетілген жобалар іске қосылған кезде бұл көрсеткішті 20%-ға дейін жеткізу мүмкіндігі бар, - деді облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ