©
Бүгін Ақтауда «Caspian Well Services» кәсіпорны озық технологилялар мен бәсекеге қабілеттілікті арттыратын 5S жүйесін таныстырды. Бұл жүйені енгізу «Теңізшевройл» ЖШС және ЕҚДБ «Қазақстандағы шағын және орта бизнесті қолдау» атты бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр. «Caspian Well Services» – 2005 жылы Ақтауда негізі қаланған ұңғыманы күрделі жөндеу бойынша қызмет көрсететін ірі мекеме. Дәл қазір компания жер асты және күрделі құрылыс, құрал-жабдықты және құрамдас бөліктерін құрастыру және бөлшектеу, подстанция орнату, бұрғы ұңғымасын және мұнай өндіру жабдықтарын пайдалану, ұңғымаларды жуу, цементтеу, сынау, пайдалану, мұнай және газды бұрғылау сынды жұмыстармен айналысады. «Caspian Well Services» ЖШС директоры Болат Исатаевтың айтуы бойынша, компания басқару деңгейіне 5S жүйесін енгізу арқылы жаңаша дамуға мүмкіндік жасалды. - 5S өндіріс кәсіпорнын басқару тұжырымдамасы шығынды азайтып, қызметкерлердің біліктілігін арттыруға арналады. Өндірістік техниканы меңгеру, өндірістік құрал-жабдықтарды дұрыс пайдалануды үйрету мақсатында қызметкерлерге 2 тренинг ұйымдастырылды. API (модернизация) стандарттарына сай техникамен қамтамасыз ету де осы бағдарлама аясында жүргізілді, 2016 жылы мамырда «Сиен Монтаж Технолоджи» ЖШҚ ресейлік кеңесшілерінің арқасында өндірістік база, сақтау қоймасында алғашқы аудит өтті. Бұдан кейін ұқыпты өндіріс талаптарына сәйкес қауіпті аймақтарды таңбалау мен базаны қайта орнату жобасы жасап шығарылды, - дейді Болат Исатаев. Еуропалық қайта құру және даму банкі орта және шағын бизнес өкілдеріне 10 000 еуроға дейін қайтарымсыз грант беруді қарастырады. Бұл қаржы банк есебінен емес, донорлық компаниялар арқылы жүзеге асырылады. - 2015 жылдың қазан айында басталған бағдарлама 2 жыл бойы қарқынды жұмыс істеп келеді. ЕҚДБ аймақтық кеңселері арқылы іске асатын бағдарламаға шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында ТШО 500 мың АҚШ доллары көлемінде қаражат бөлді. Қазір қазақстандық 17 әр түрлі кәсіпорын аталған грантты ұтып алып, халықаралық стандарттарға сай дамуды қолға алды, - дейді ЕҚДБ қоғаммен байланыс өкілі Бақытжан Мұхаммедияұлы. «Теңізшевройл» ЖШС 1997 жылы «Қазақстандағы шағын және орта бизнесті дамыту жобасын қабылдап, негізгі бағытты әлеуметтік жобаларға бұрды. Бағдарлама жүзеге асыру барысында 1 400-ден аса жаңа жұмыс орындары ашылды. Ал бүгінде жоба мұнай-газ саласындағы өндірістік тауарлар мен қызмет көрсетулерге, сондай-ақ қоршаған ортаны жақсартуға басты назар аударып отыр. Мұнай-газ саласындағы қызмет көрсетулер, экологияны жақсарту (қалдықтарды утилизациялау), мұнай-газ саласына аса қажет өндірістік тауарлар мен қызмет көрсетулердің сапасын арттыру жобаның басты критерийлері саналады. Мұндай жобалар әлеуетті жабдықтаушыларға ISO стандарттарына сай келетін сапаны басқару жүйесін немесе қаржылық басқару, бухгалтерлік есепті енгізуге қажет техникалық білім секілді ноу-хауды қолжетімді етеді. Шағын және орта кәсіпорындар жергілікті және халықаралық кеңесшілердің қызметін ЕҚДБ-мен бөліп төлейді, ЕҚДБ аталмыш шығындардың орташа 50%-ын өтейді. Айта кетейік, бұл бағдарлама бойынша грант ұтып алу үшін шағын және орта бизнес өкілдерінің кемінде нарықта 2 жыл тәжірибесі болуы шарт. Маңғыстау кәсіпкерлері толығырақ кеңес алу үшін ЕҚДБ Ақтөбедегі филиалына хабарласа алады.Айгүл ДӘДЕН Қуаныш ИСМАИЛОВ