Бүгін Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар мен инжиниринг университетінде Есенғали Раушановпен студенттер кездесу ұйымдастырды. Бұл кеш «Қара бауыр қасқалдақ», «Көкмойнақтың үйірі» сияқты белгілі поэзия авторы Есенғали Раушанов 60 жас мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр.
«Бұл оқу ордасының іргесі құрылып, шаңырақ көтеруінің басы-қасында Жауынбай Қараев екеуіміз болған едік. Осыдан 10 жыл бұрын заңғар жазушы Әбіш Кекілбайұлы мен Фариза Оңғарсынова апам осы шаңыраққа алып келген еді. Қазір ағам да, апам да бұл өмір де жоқ, өзім келіп тұрмын. Ақсақал болып қалған жайымыз бар», - деп бастады әңгімесін белгілі ақын.
Жиынға Алматыдан арнайы келген профессор Жауынбай Қараев, маңғыстаулық Ақшагүл Рамазанова, Алқажан Еділханұлы бастаған зиялы қауым өкілдері мен жас ақындар, студенттер қатысты.
- Бұл кештің екі маңызды себебі бар: алғашқысы – жастығыммен кездесу саналса, ал екіншісі – Ата қонысым, жеті ата, жетпіс жеті бауырым туған өлке – қасиетті Маңғыстау топырағындағы жүздесу ретінде қымбат маған! – деп ағынан жарылды Есенғали ақын.
«Мен бұған дейін жазған прозалар жазып жүрдім, бірақ жасырын жаздым деп айтуға болады. Көп прозалық шығармаларым, замандасым Аманхан Әлімнің атынан БАҚ беттеріне жарияланып келді. Егер Аманхан Әлім атынан «бездарный» шығармалар оқыған болсаңыз, соның бәрі – менікі», - деп қалжыңдайды ол. Е.Раушановтың айтуынша, қазіргі уақытта бастап қойған прозалары бар, «Алла соған жететіндей ғұмыр берсе, бәрін аяқтағым келеді», - дейді ақын.
- Есенғали 60 жасқа шаршамай, арындап келді. Өзінің талантымен талай шыңдарды бағындырды. Барлық атақ, даңқ Есенғалида бар, бірақ әлі де тұлпар қалпында. Бағындырар биігі мен шығар асуы әлі алда. Шаба бер, Дарабоз! – деп құттықтады Жауынбай Амантұрлыұлы Қараев.
Кездесу барысында ақын бүгінгі күннің интернет ақындары жайлы да өз пікірін білдірді.
- Заманының ағымына сай, интернетте өз шығармашылығын жариялап жүрген ақындарға қызығамын. Адам қолынан келмейтін дүниеге қызығады ғой. Әлеуметтік желілерде мүлде отырмаймын. Дей тұрғанмен, өз ойым әдебиет олай жасалмайтын сияқты. Кітапты қолға алып, отырып оқып, еңбектеніп, шұқып, жазу керек сияқты көрінеді маған. Ал ғаламторда жарқ етіп, көрініп, жалт етіп сөніп жатқандар қаншама? Бүгін бар, ертең жоқ. Маған алдымдағы аға-апаларым жазушы болу үшін көп оқып, ерінбей еңбектенуді үйретті. Бірақ бұл менің ғана ойым, олай жүру керек деген сөз емес, - деді Есенғали Раушанов.
Айта кетейік, бұған дейін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ келтірген мәлімет бойынша, Есенғали Раушанов шығармашылығы жайында шамамен 2 кандидаттық диссертация, 120-дан аса дипломдық жұмыс қорғалған.
Айгүл ДӘДЕН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="39569,39568,39567,39566,39565,39563,39562,39561"]