Маңғыстауда мамыр айынан бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама мен мемлекеттік қызмет органдарына 20 жыл, сондай-ақ елордамыз Астананың 20 жылдығына орай «Адал жол» марафоны бастау алды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы профилактикалық жұмыстарды күшейту, жас ұрпақ пен барша қоғамды осы дерттен аулақ жүруге шақыру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың салдарымен емес, себебімен күреске баса мән беру мақсатындағы марафон Маңғыстау ауданына дейін Ақтау қаласы, Түпқараған ауданында ұйымдастырылды.
Маусым айынан бастап Маңғыстау ауданында жалғасын тапқан марафон аясында аудандық жастар орталығы және орталық кітапхананың ұйымдастыруымен «Жемқорлықсыз болашақ – қоғам кепілі» тақырыбында дөңгелек үстел, «Алға жүру» қайырымдылық акциясы, басқа да әртүрлі шаралар өз деңгейінде өткізілді. Өткен сәрсенбіде ауданымызда аталмыш марафондық эстафета түріндегі акцияның қорытынды шарасы өтті.
Шараға ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департамент басшысы Н.Жанназарова, облыстық арнайы мониторинг тобының төрайымы Р.Алдоңғарова, Бейнеу ауданы әкімінің орынбасары Ү. Әмірханова, сондай-ақ бөлім басшылары мен қызметкерлері, аудан тұрғындары қатысты.
Маңғыстау ауданы әкімі Ж. Айтуаров жиналған жұртшылықты ару қала - Астанамыздың 20 жылдығымен құттықтай келе «Сыбайлас жемқорлық – ұлтымыздың қауіпсіздігіне, еліміздің халықаралық беделіне, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына елеулі нұқсан келтіретін қауіпті құбылыс. Ал онымен күрестің тиімділігін арттыру кез келген мемлекеттің болашағы үшін стратегиялық мәнге ие. Әсіресе бұл серпінді дамып келе жатқан және бәсекеге қабілетті әлем елдерінің қатарына кіруді мақсат етіп отырған біздің еліміз үшін аса маңызды. Осы бағытта ұйымдастырылған бұл игі бастаманың маңызы зор. Отанға деген құрмет осындай адалдыққа, ақ жолға шақыратын игі шараларға белсенділік танытудан басталады», - деді.
ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департамент басшысы Н.Жанназарова: «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру біздің ортақ парызымыз болып табылады. Бұл ретте өткізіліп жатқан мағыналы шаралар аз емес, соның бірі–марафон. Сіз бен біздің ортақ міндетіміз - халыққа, елге адал қызмет ету. Марафон облысымызда жыл бойы өтетін болады. Ақтау қаласынан басталған эстафета бүкіл аудан, қалаларды қамтып, 9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлықпен күрес күнінде қорытындыланады. «Адал жол» кітабына өздеріңіздің ұсыныстарыңызды немесе тілектеріңізді қалдыра аласыздар. Мұның тәрбиелік мәні зор, әсіресе жастар үшін», - деп іс-шараның маңыздылығына тоқталып өтті.
Шара барысында аудан өнерпаздары әннен шашу шашып, күмбірлете күй төкті. Бейнеу ауданы әкімінің орынбасары Ү.Әмірхановаға эстафета туын Маңғыстау ауданының әкімі Ж.Айтуаров тапсырса, оның орынбасары Т.Қылаңов өткізіліп жатқан іс-шаралар туралы мәліметтер мен тілектер жазылған кітапты салтанатты түрде табыс етті.
Марафон соңы ауданға қарасты ауыл әкімдері, жекелеген бөлім басшылары, ардагерлер, депутаттар және мектеп директорларынан құралған командалардың спорттық ойындарына ұласты.
А.АХТАШОВА