Адамзаттың ақыл-ойы жасанды интеллект деп аталатын саланы жасап шығарды. Бұл ғасыр – адам мен жасанды интеллектінің бір-бірімен тығыз байланысынан тұратын, екеуі енді бір бірінсіз дамуды ілгерілете алмайтын, жоғары технологиялардың сағат санап қарыштап жатқан ғасыры. Адам миын неуро желі, адам қолын роботтар алмастырып жатқан уақытта гибридті смартфон, интернет, технологиялар нарығы, биопроцестер, нанотехнология сынды техникалық прогресс жетістіктері әлем елдерінің экономикалық дамуына да әсер етіп отыр. Әлемдік нарықта инновацияның, жаңа технологиялардың адам баласына ықпал ету күші жоғары. Сондықтан да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев біздің елімізге де жасанды интеллектіні дамытатын институттар керек екенін, қазір үкіметтің жасанды интеллектіні дамыту стратегиясын және Цифрлық кодексті әзірлеп жатқанын айтқан болатын. Бұл сала бойынша елімізде мықты мамандар да жетіліп келе жатыр. Олардың ішінен өзіміздің маңғыстаулық жерлесіміз Тимур Бектұрды айрықша атай аламыз. Болашақ бағдарламасымен АҚШ-қа оқуға аттанған Тимур биыл Бостон университетін бітіріп, елге келді. Танымал IT маманы, жасанды интеллект сарапшысы Тимур Бектұрмен ЖИ тақырыбында әңгіме өрбіткен едік.
– Тимур, елге оралуыңмен! Жаңа біліміңнің игіліктерін көруді жазсын. Қазақстанның ІТ саласында қызмет етіп жүрген азаматсың, қызығушылығы бар көпшілікке ChatGPT жасанды интеллект құралын кәсіби түрде қолдануды үйретіп жүрсің. Бүгінгі әңгімеміз осы ЖИ туралы болмақ. Біздің кейбір маңғыстаулық оқырман үшін ЖИ термині аса түсінікті бола қоймас. Қарапайым тілмен түсіндіре кетсең. Жасанды интеллект дегеніміз не? Оның адамзат өміріне енуі адамдарға қаншалықты пайда әкеледі?
– Рақмет, арнайы сұхбатқа шақырғаныңызға алғысымды білдіремін. Жалпы жасанды интеллект дегеніміз, оны өте қарапайым, жалпақ тілде айтатын болсақ, бұл компьютердің адам секілді ойланып, адам секілді әрекет жасап, адам секілді қандай да бір шешімдерді ұсынуы. Осы жерде көпшілігінде «жасанды интеллект адамның деңгейінде, адамның қабілетіне сай немесе одан асып түсетін дүниелерді қалай жасайды?» деген түсінбестік болуы мүмкін. Сондықтан айта кетейін, адам секілді дегенде ол жай ғана талпыныс, мысалға «гугл аудармашы» деген құрал бар, ол адамның деңгейінде бәрібір аудара алмайды. Кейбір аударманы кәсіби мамандар басқаша аударады. Өзі тарихшы және бірнеше тілді меңгерген адам болса, ол тарихи материалды өзінің деңгейінде жоғары сапада аударады. Экономикалық, әлеуметтік, медициналық басқа да мұнай-газ саласы болсын, индустрияға, заңға қатысты мәтіндерді кәсіби аудармашылар сапалырақ аударады. Бірақ «гугл аудармашы» секілді жасанды интеллектердің механизмі ол сол адам секілді болуға барынша тырысады. Бірақ адамның деңгейінен асып кете алмайды. Яғни осы жерде айта кеткім кеп тұрғаны жасанды интеллект дегеніміз бұл адам секілді кейбір қабілеттерді орындайтын компьютерлік бағдарлама деп айтқан кезде ол адамнан мықты, адамнан да асып түседі, адамнан да сапалырақ деген сөз емес. Оны жай ғана имитация деп айтсақ та болады. Бірақ сол технологияларды жасап жатқан компаниялар болсын, IT маманның мақсаты – соның сапасын күннен-күнге арттыра түсу, біртіндеп оның қабілетін жетілдіру. Қазір жасанды интеллектінің деңгейі бастауыш сыныптағы баланың немесе 4 жастағы баланың деңгейінде болса, соны біртіндеп, жоғары сыныптағы баланың деңгейіне жеткізу, одан кейін университет бітірген адамның деңгейіне жеткізу, одан кейін жоғары білімді ғалым адамның деңгейіне жеткізу секілді бірнеше сатылардан тұрмақ. Қазір күннен-күнге жақсарып, күннен-күнге қабілеті артып келе жатқан жасанды интеллект түбінде біздің қара жұмысымызды азайтуға қолданылатын болады. Мәселен, егер сіз ғылыми зерттеу жұмысын жасайтын болсаңыз онда сіздің алғашқы «черновик» жұмысыңыздың идеясын, сұлбасын ЖИ арқылы жасап алуға болады. Журналист болсаңыз «бүгін Қазақстан бойынша қандай мәселелер талқыланды» деп барлық сайтты қарап отырсаңыз, сіздің бүкіл уақытыңыз кетуі мүмкін. Өйткені Қазақстанда жүздің үстінде сайттар, газет-журналдар, әр түрлі онлайн басылымдар, әлеуметтік желідегі парақшалары бар. Олардың барлығын сіз бүгін не жариялап жатыр екен деп барлығын ашып, тақырыбына үңіліп отыра алмайсыз. Мұндайда ЖИ сіздің бір күндік уақытыңызды үнемдеп, оның барлығын 5-10 минутта жасап бере алады. Бүгінгі күннің ақпараттық тәртібі осындай деп, сізге көмекші ретінде қызмет ете алады. Біздің өмірімізге пайдасы сол, бұған дейін көп уақыт алатын жұмыстарымызды азайтып қолдануға болады. Кейбір жұмыстарды автоматтандыруға болады немесе сіз бір жаңа дүние жасайтын кезде өзіңізге көмекші етуге болады. ЖИ сауда жасайтындарға өте жақсы көмекке келеді. Мәселен сіздің бір дүкеніңіз бар делік, уатсап арқылы болсын, телеграмм болсын, сайт арқылы болсын, хабарласқан адамдардың әдетте барлығының сұрағы бірдей болып келеді, мәселен «сізде қандай тауар бар, мынау қанша тұрады, балаларға арналған түрі бар ма, жеңілдік бар ма, қай тілде жұмыс істейсіз, мекен- жайыңыз қандай?» деген сияқты жалпы бір ортақ жиырма, отыз сұрақ болады. Сіздің айына 150 мың алатын қызметкеріңіз сол адамдардың барлығына бір жауапты жазып уақыт алады. Ол аралықта клиент кетіп қалуы мүмкін және ол қызметкерге жалақы төлейсіз. ЖИ осы кезде сізге пайдаға асады. Ол осы сұрақтарға автоматты түрде жауап бере алады.
– Қазір бүкіл әлем жасанды интеллект саласына жаппай бет бұрды. Бұл сала адамзат өмірін автоматтандыруға, оңтайландыруға, күрделі мәселелерді шешуге үлкен мүмкіндік береді деп айтып жатамыз. ЖИ әлеуетін меңгеру қаншалықты маңызды, еліміз үшін қандай тетіктерін пайдалану керек?
– Оның әлеуетін меңгеру маңызды. Өйткені біз Қазақстан азаматтары болсын, әлемнің адамдары болсын, жасанды интеллектіні онсыз да қолданып жүрміз. Мәселен, қазір барлық адам әлеуметтік желіде отырады. Сол әлеуметтік желіде алдынан шығатын ақпараттың барлығын ЖИ ұсынып отыр. Адамның не көріп, не қойып, кімге лайк басқанына байланысты оның ақпараттық лентасын түзіп отырады. Ютубта да бір видеоны қарағаннан кейін сізге келесі видеоны ұсыну үшін осы ЖИ жұмыс істейді. Қандай да бір телевизияның аналитикалық шоуын қарасаңыз, ол соған ұқсас шолуды ұсынады. Осының барлығы ЖИ арқылы жасалып жатыр. Біз яндекс такси секілді бір транспортты қолдансақ, оның А нүктесінен Б нүктесіне дейін жету, оның жолын, маршрутын сызып беретін де ЖИ, төте жолды немесе көлік кептелісінен айналып баратын жолды ұсынуы мүмкін. Өйткені басқа көшеде көлік кептелісі болып жатқанын сіз білмейсіз, жасанды интеллект біледі. Жасанды интеллект деген не? Ол – математика! Ол – компьютерлік есептеудің жаңа архитектурасы! Ол – параллель есептеудің үздік нәтижесі! Ол – график процессордың қуаты! Біздің қоғамда негізі автоматтандырылған ЖИ әлеуетін қосқан бағдарламалар, IT шешімдер пайдаға асып жатыр, бұдан әрі де аса береді.
– Қазақстан жасанды интеллект игіліктерінен қалыс қалып отыр деп айта аламыз ба? ЖИ роботтарын пайдаланатын орталықтар бар. Мәселен қауіпсіздік жүйесі, медицина, банк қызметі, логистика, білім беру салаларына ЖИ енгізіліп жатыр. Десек те елімізде ЖИ саласын дамыту қарқыны қаншалықты төмен?
– Қазақстан ЖИ игілігінен қалыс қалып отыр деп айта алмас едім. Әлемдік деңгейдегі бағдарламаларды қолданамыз, сатып алсақ та тегін болса да. Әлемдік прогрестің ішінде жүрміз. Барлығымыз смартфондар, әлеуметтік желі, интернет сайттарын қолданып жүрміз. Офистегі жұмысқа қажетті бағдарламаларды да кәдеге жаратып жатырмыз. Осының барлығында ЖИ қолданылады. Сондықтан біз қалыс қалып отырмыз деп айта алмас едім. Қарқын жоғары немесе төмен деп айту қиындау, біз тіпті кейбір елдерден алдамыз. Ол ешқандай да жасырын дүние емес. АҚШ-та екі жыл тұрып келдім, мемлекеттік қызметті алу жағынан Қазақстан әлдеқайда алда деп айтсақ та болады. Мысалы, біздің Қазақстанда электронды үкімет арқылы жеке куәлік жіберіп, камера қосып, бет әлпетімді танытамын. Бет әлпетті таныту жүйесін ЖИ терминологиясы бойынша «компьютер вижн» деп айтады. Яғни компьютер көзі, назары арқылы жұмыс істейді. Бұл да ЖИ-дің бір бағыты. Яғни біз оны қолданып отырмыз. АҚШ өте үлкен ел және ол бірнеше штаттардан тұрады. Оның барлығына бірдей жауап бере алмайды. Өзім тұрған Массачутетс штатында мемлекеттік қызметті алған кезде ондай дүниелерді көрмедім. Ол үшін арнайы барып, кезеккке тұрып, жеке басыңызды куәландырып, сосын барып қызмет аласыз. Бұл жерде мемлекеттік қызмет пен жеке компанияларды шатастырмау керек. Өйткені Америкада жеке компаниялар қарқынды, өте жақсы дамыған. Жеке компанияларда жасанды интеллект қолдану жағы жоғары. Мемлекеттік қызмет жағында аяңдаушылық бар. Бізде мемлекеттік қызмет жағында ЖИ қолдану төмен емес, біраз жұмыстар жасалған дер едім. Әрине, біз осымен болдық, жеттік деген сөз емес, әлі де жетілдіре түсу керек, қауіпсіздік жағына мән беру керек. Жеке бас құжаттарымыз, бет әлпетіміз тарап кетпеу жағына мән беру керек. Ол бірақ ЖИ емес, кибер қауіпсіздік, азаматтардың жеке бас құпиялығын сақтау тақырыбына ойысып кетеді. Жалпы ЖИ әлеуетін меңгеруге, дамуына жұмыстану да тоқтамайтын процесс.
– Сіз өз парақшаңызда менің өмірлік миссиям – технологияны қазақша сөйлету, қазақтың технологиялық потенциалын ашу деп көрсеткен екенсіз. Қазақша сөйлету дегенге келсек, қазір AI қолданбасы арқылы ұлттық тіл моделін іске қосу жұмыстарын жүзеге асырғалы жатқан жобалар бар. ChatGPT-де қазақ тілінің сапасы өте нашар деген пікірлер бар. Оған балама QazGPT сияқты құралды қолға алып жатқандар да бар. Жалпы ЖИ саласында қазақ тілінің сапалы деңгейде қолданылуы қандай?
– ЖИ ішінде ChatGPT-ді бөліп алып қарайтын болсақ, оның қазақ тіліндегі сапасы нашар деген сөзге қосылмаймын. Өйткені ChatGPT қазір ай санап емес, жыл санап емес, сағат санап дамып жатыр. Мәселен мен оны 2022 жылдың желтоқсанында қазақша қолданған кезде шала сөйлеп тұрған болса, 2023 жылдың жазында оның қазақшасы әжептәуір жетіліп қалғанын байқадым. Ал қазір одан бері бір жыл өтті, оның қазақшасы өте жақсы. Оның үстіне ол бұрын мәтіндік қана жауап беретін болса, қазір аудиомен де өте жақсы жуап береді және түсінеді. Онымен әр түрлі тілдерге аударма жасауға болады. Ал балама жұмыс жасап жатқандардың әр түрлі нәтижелері бар. Түптеп келгенде менің уайымым – бізден гөрі ChatGPT жасап жатқан америкалық компаниялар жылдам болып тұр. Оған себеп анық. Өйткені олар оған өте көп қаржы жұмсап жатыр. Көп ресурс, білікті мамандардың жұмысын қолданып жатыр. Сондықтан олар бізден әлдеқайда алысқа кетіп қалған. Сондықтан да ендігі бізге қалғаны – әлеуметтік, денсаулық, білім беру, тарих, мәдениет зерттеуде, ауыл шаруашылықта, жалпы экономиканың барлық саласында да ЖИ-ді енгізіп, оның Қазақстанның дамуы үшін қолданыс аясын кеңейте түсуіне күш салуымыз керек.
– ЖИ секілді қуатты алгоритмдер адамның жеке бас қауіпсіздігіне нұқсан келтірмей ме? Мысалы қазақтардың көбісі ЖИ дегенді дүлей күш ретінде көріп, анық ол туралы білмесе де бүкіл адамның не істеп, не қойғанын біліп отыратын жүйе деп танып, қорқады. Оған адам басына салынатын чип туралы әңгімелер де себеп. Осы орайда ЖИ-дің жеке бас қауіпсіздігіне қатері қандай? Жалпы адам түгілі ірі компаниялар да құпиялылықтың жариялануынан сақтанып, ЖИ саласынан бас тартып жатқаны туралы да интернет беттерінен оқып жүрміз.
– Рас айтасыз, қауіпсіздік мәселесі өте маңызды. Бірақ бұл – ЖИ-ге қатысты емес. Өйткені ЖИ дамыса да, дамымаса да, болса да, болмаса да қауіпсіздік мәселесі бұрыннан бар. 1950 жылдары төлқұжат, паспорт, компартиялық билетіңізді ұрлап кету мүмкін еді, кешегі 2000 жылдары сіздің сайтқа енгізген мәліметіңізді ұрлап кету мүмкін еді және солай болды да. Қауіпсіздік мәселесі адам баласымен бірге туды, адам баласымен бірге өледі. Ал мынау ЖИ, басқа да технологиялар соған қарамастан дами береді. Бұл технологиялық дамудың келесі сатысы деп айтуға болады. Бұл жерде жеке бас қауіпсіздікке қатер ЖИ тарапынан келмейді, ол соны қолданып отырған адамдардың, яғни қара ниетті бұзық ойдағы адамдардың тарапынан келеді. Сондықтан біз қазір қоғамымызды, осындай әр түрлі технологияларды қолданған кезде артық ақпарат бермеуді, қажетсіз, кез келген сұраған адамға банк картасын, жеке бас мәліметтерін оңды-солды тарата бермеуді, жалпы киберқауіпсіздіктің алғышарттарын түсіндіріп жүруіміз қажет. Журналистер болсын, IT маман ретінде біздер де оны айтып жүрміз. Есіңізде болса осыдан он шақты жыл бұрын адамдарға онлайн сауда кезде «картаңыздың мәліметін беріңіз, сізге ақша аударамыз» десе, олар картасының алдыңғы және артқы бетін де бере салатын. Шындығында, оның тек қана алдыңғы нөмірін беру қажет, артқы бетінде құпия мәліметтер бар, онлайн банкинг арқылы адамның ақшасын тонап кетуге болады.
Яғни бұл жерде технологиялық сауат мәселесі тұр. Қазір адамдар түсінді. Банк картасын, жеке куәлік мәліметін бермеуді. Адамдарға айтатынбыз электронды цифрлық қолтаңбаңды ешкімге бермеңіздер, паролін айтпаңыздар деп. Онда тұрған не бар деп мән бермейтін, кейін ол арқылы көптеген дүние жасауға болатынын білгеннен кейін адамдар біртіндеп түсінді. ЖИ-де дәл сондай. Біз қазір цифрлық алаяқтық, интернет арқылы адамның ақшасын ұрлап кету деген пайда болғаннан кейін біз интернетті тастап кеткен жоқпыз, өйткені ол қажет, смартфонды да қолданбай тастап кеткен жоқпыз, ол да өмірімізге қажет. Өйткені интернеттің де, смартфонның да, компьютердің де алаяқтыққа түк қатысы жоқ. Ол жай ғана құрал. ЖИ-де дәл сондай. Ол құрал, ал адамдарды алдау – ол қара ниетті адамдардың ісі. Ол үшін біз сауатты бола түсуіміз керек. Әр нәрсенің мән-мағынасы қандай, оны қалай қолданады дегенді меңгере білуіміз қажет.
– Роботтар адамды жүз пайыз алмастыра ала ма? Алып компаниялар адам күшін азайтып, ақша үнемдеу үшін небір шешімдерге баруы мүмкін ғой. ЖИ, роботтандыруды адам басқару керек пе немесе олар адамдарды басқара ма?
– Қазір жалпы осы ЖИ адамзатты басқарып кете ме, адамға қаупі бар ма деген тақырыпта екіұшты пікір бар. Осы екі жақтағы пікір иелері де жай адамдар емес, ғалым адамдар. Мысалы, ЖИ түбінде бізге зиянды болып қалу ықтималдылығы жоғары, оның қарқынды дамуын сәл тежемесек болмайды деген пікір айтып жүрген Джеффри Хилтон деген кісі бар. Ол өмірінің барлығын осы ЖИ саласын дамытуға жұмсаған кісі. Бертінге дейін «Google» компаниясында, Google Brain деп аталатын, яғни гуглдың миы деп аталатын лобороторияда жұмыс істеген, ЖИ дамытумен айналысқан, зерттеулер жүргізген. Сол кісі ЖИ дамуын сәл тежемесе болмайды, бұл қараниетті адамдардың қолына түссе қауіптірек деген пікірді ұстанады. Өмірін ЖИ-ді дамытуға арнаған кісінің өзі солай айтып тұрғанда олай емес, ЖИ қауіпсіз деп айту да қиындау. Өйткені ол кісілер өзінің не айтып отырғанын жақсы біледі.
Ал екінші жағынан ЖИ-ді дамытуымыз қажет, ЖИ бұл технологияның келесі сатысы, ЖИ арқылы адамдарға ақпарат көбірек жетеді, бұрын мүмкін болмаған жаңа мамандықтар шығады, жаңа мүмкіндіктер пайда болады, одан қорқатын ештеңе жоқ, керісінше біз оны дұрыс жағынан дамыта беруіміз қажет деп есептейтін келесі бір ғалымдардың тобы бар. Ол адамдар да қаражаяу кісілер емес. Ол кісілер – ЖИ саласының көшбасында жүрген адамдар. Олардың қатарында қазіргі «Мета» компаниясының жасанды интеллект бойынша вице президенті Ян Ликунь деген кісі тұр. Оның айтуы бойынша соңғы он-он бес жылда біз онсыз да ЖИ қолданып жүрміз. Мысалы онлайн банкинг бойынша, такси, жеткізу қызметтері, әр түрлі индустриялық қызметтерде, зауыттарда, машина жасау саласында, денсаулық саласы, дәрідәрмек жасау кезінде, қолданбалы химия саласында т.б. өте көп бағытта біз онсыз да ЖИ бағытын қолданып жүрміз, сондықтан да қауіп ол жақтан емес, қауіп адамдар тарапынан келуі мүмкін. Оған ЖИ-дің қатысы жоқ, керісінше біз оны адамдардың игілігі үшін дамыта түсуіміз қажет деген пікірді ұстанады. Ол пікірге де қарсы шыға алмаймыз. Соған қарағанда біз орта тұсын ұстанғанымыз дұрыс, қаупін де, кемшілігін де ескере отырып, оның пайдалы тұсын көбірек жаратуға мән берген дұрыс болар. Ал енді адамды басқарып кетеді, ЖИ ертең бізден үстем боп кетеді деген ой таяз, үстірт пікір дер едім. Өйткені құдайдың ақылды жаратылысынан технология асып кете алмайды. Адам баласы бәрібір басқаша жаратылған, оның ақыл-ой санасын, ойлауын, пайымдауын, шешім қабылдау, шығармашылық, зерттеу қабілеттеріне ЖИ жете алмайды. Сондықтан технологиялық ақырзаман, апокалипсис болады дегенге өз басым сене қоймаймын.
– Қанша жатырқасақ та ЖИ бүкіл ғалам кеңістігіне еніп келе жатқаны шындық. Жасанды сана арқылы жапон елдері кітап жазып та, сурет салып та әлемді таңғалдырып жатыр. Не десек те ЖИ пайдаланған елдер де, адамдар да көштен озатыны дәлелденген. Алайда бұл адамның шынайы табиғатын, шынайы шабытын жүз пайыз алмастыра ала ма? Роботта сезім жоқ, тек сана бар, жүрек жоқ, тек жады бар. Біз ЖИ әлемімен бірге адамзаттың тірі болмысын аяқтап жүрмейміз бе?
– Адамдарды жасанды интеллект алмастырмайды. Жасанды интеллектіні бүгін меңгеріп үлгерген адамдар, ертең жасанды интеллектіні меңгермеген адамдарды алмастырады. Біз, адамзат баласы, ресми түрде, күтпеген жерден, ЖИ мен адамның симбиозы салтанат құрған дәуірге топ ете түстік. Соңғы 10 жылда смартфон біздің 13-мүшемізге айналып, онсыз түк бітіре алмайтын боп қалсақ, енді табиғи миымыздың қасына жасанды ми қосылып, 14-мүшеге ие болдық. Алайда смартфон да, ЖИ де адамды алмастыра алмайды. Бәрібір сезім, эмоция, жүрек жоқ екені білініп тұрады. Қазір өте үлкен автокорпорациялар бар. Олар конвейерлік жүйе арқылы станоктардан бір күнде мыңдаған, жүз мыңдаған автомобильдер шығарады. Оны роботтар құрастырады. Олардың бағасы отыз, елу мың доллар жобасында. Ал адамдар жасайтын спорт автомобильдері бар. Ол жерде конвейер жоқ, адамдар құрастырады. Ол жылына он не жүз шақты автокөлік құрастыруы мүмкін. Салыстырып қарасақ, роботтар күніне жүз мыңдаған көлік шығарады, ал адамдар жұмыс істейтін автомобиль зауыттарында жұмыс баяу. Бірақ адамдар жасаған көліктің бағасы өте қымбат, мәселен бір миллион доллар, өйткені адамның қолының сапасы зауыт жасаған робот жасағанға қарағанда мықтырақ. Мәселен қол сағат шығаратын зауыттар бар. Оның барлығын автомат шығарады, алайда қолдан жиналатын сағат шеберлерінің көз майын тауысып отырып жасайтын қол сағаттары бар. Олар өте аз және өте қымбат. Қазір мәтін жасау, сурет шығару, музыка жазу барысында ЖИ қолданып жатыр. Бірақ олардың барлығы адамдардан үйренгенін жасап жатыр. Ал адамдар келесі бір жанрды тудыра алады. Бұрын болмаған бағытты дүниеге әкеле алады. Мысалы бұрын рок, джаз, рэп, симфониялық жанрлар болса, уақыт өте келе адамдар келесі бір түрлерін шығаруы мүмкін. Шығармашылық қабілет адамда құдай оны жаратқаннан бері бар. Сондықтан адамды алмастырады дегенге сене алмаймын. Мен ЖИ саласына негатив көзқараста емеспін, бірақ адамзат бәрібір одан үстем тұрады.
– Рақмет Тимур, біраз жайтқа қанықтық. Елге көрсетер қызмет көбейе берсін!
Анаргүл ЖЕКСЕМБАЙҚЫЗЫ