1979 жылы салынған Жаңөзендегі оқушылар шығармашылық үйіне күрделі жөндеу жасалып, қолданысқа берілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Оқушылар шығармашылық үйі заманауи құрлығылармен жабдықталған. Ғимаратта 32 бейнебақылау камерасы, 3 интербелсенді тақта, 43 салқындатқыш, 40 аудиторияға жаңа жиһаз орнатылған. Сондай-ақ конференция залы, музыкалық студия, сoworking, робототехника, шахмат, мобилограф, инклюзивтік кабинеттері бар.
Сондай-ақ концерттік және спорт залдары толықтай жаңартылып, өрт сөндіру, радио құрылғылары, Wi-Fi-мен толық қамтылып, жылу, су, кәріз және тоқ жүйесі жаңартылған. «Жас аспаз» үйірмесі ас үй жиһазымен қамтылып, воркаут спорт алаңы ашылған.
Бұдан бөлек оқушылар шығармашылық үйінің ауласына 70 тал отырғызылған, 1561 м2 асфальт және 2300 м2 брусчатка төселген. 320 метр сыртқы қоршау мен 18 прожектор орнатылған.
Бұл жомарт жандардың сыйы. Күрделі жөндеу жұмысына кәсіпкерлер демеушілік жасап, 1 млдр 500 млн теңге қаражат жұмсаған.
Қазіргі таңда мұнда 115 қызметкер жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ, шығармашылық үйі 4800 оқушыны әр түрлі үйірмемен қамтып отыр.
- Ғимарат өте керемет, жаңа бір орталыққа кіргендей сезім болды. Бұрынғымен салыстырғанда біршама өзгеріс бар. Көзді қуантып, шабыттандырады. Оқушылар шығармашылық үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізген барша азаматтарға алғысым шексіз, - дейді оқушы Мөлдір Мамаева.