11-13 тамыз аралығында Белорусия мемлекетінің Жлобин қаласында самбодан ерлер мен әйелдер арасында ІІ ТМД ойындары өтті. Жарыста маңғыстаулық самбошы Гүлдана Альмухамбетова қола жүлде иегері атанды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жарысқа Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан құрамасының әр түрлі салмақ дәрежесіндегі 100-ден астам спортшы бақ сынады.
Жарыс барысында 54 келі салмақта Гүлдана Альмухамбетова Беларусь пен Қырғызстан мемлекетінің спортшыларынан басым түскенімен, ресейлік спортшыға есе жіберді. Ал үшінші орынға талас кезінде Өзбекстан мемлекетінің спортшысын жеңді.
- Алдағы уақытта Гүлдана Әлем чемпионаты алдындағы оқу-жаттығу жиындарына қатысады. Содан кейін қараша айының 10-12 аралығында Арменияның Ереван қаласында өтетін Әлем чемпионатында ел намысын қорғайды, - дейді самбодан МО аға жаттықтырушысы ҚР ЕСЖ Берік Жұмағалиев.