Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы екіжақты әскери ынтымақтастық шеңберінде ҚР ҰҚК Шекара қызметі департаментінің Маңғыстау облысы бойынша Жағалау күзетінің әскери қызметшілері командалық оқыту курстарынан өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Курс Түркияның Жағалау күзеті оқу орталығының базасында Анталья қаласында ұйымдастырылды. Оқу басталғаннан бері қазақстандық әскери қызметшілер оқу орталығының қызметімен, Түркия Республикасының Жағалау күзеті арсеналына кіретін жүзу құралдары мен авиациялық ресурстарды пайдаланудың негізгі аспектілерімен танысты.
- Оқу барысында түрік әскери қызметшілері бізге теңізге практикалық шығу және оқу міндеттерін пысықтау арқылы Жағалау күзеті қызметінің ұйымдастырылуын көрсетті, өрт пен суда кемені сақтап қалу үшін күрес құралдарын, жауынгерлік кеменің суға батпауы үшін күрес жөніндегі авариялық топтың жұмысын көрнекі түрде көрсетті. Біз өз кезегімізде әскери қызметшілеріміздің теңіз дағдыларына тәнті болған Түрік әріптестерімізбен қолда бар тәжірибе мен біліммен бөлістік, – деп бөлісті 1-дәрежелі капитан Ақылбек Исламғалиев.
Курсты аяқтағаннан кейін Түркияның Жағалау күзеті тобының командирі, 1-дәрежелі капитан Хасан Алдемир екі жақты ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендігін білдіріп, оқуды сәтті аяқтағаны туралы сертификаттар табыс етті.
Оқуды аяқтағаннан кейін Түрік тарапы Анталья қаласының тарихи орындары мен көрікті жерлеріне экскурсия ұйымдастырды. Екі ел арасындағы ынтымақтастық бұдан әрі де жалғаспақ. Ағымдағы жылдың тамыз айында тексеру тобын дайындау курстарын өткізу де жоспарланған.