Бұл туралы Өмірзақ ауылдық округінің әкімі Жетібай Құбашев тоқсандық есеп беруінде тұрғындарға мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жетібай Құбашевтің сөзінше, Приморский елдімекенін «Ақжелкен», Приозерный ауылын «Оймашы» деп өзгерту туралы шешім қабылданған. Сонымен бірге, Приморский тұрғын алабы көшелерінің атауларын өзгерту, Рауан ауылының нөмірленген көшелеріне атаулар беру де қарастырылып отыр.
Өмірзақ ауылының тұрғындарымен кездесуде әкім халықтың жиі қоятын сұрақтарына жауап берді. Оның ішінде қараусыз жүрген иттер, үй жануарларының ауыл ішінде емін-еркін жүруі, қоқыстың уақытында тазартылуы, көшені жарықтандыру, жаяу жүргіншілер жолағын орнату, автокөлік жолдарын салу, мектеп, емханалар, жабық спорт алаңдары мен мәдениет үйін салу туралы ұсыныстар айтылды.
Ауыл әкімі Жетібай Құбашев қазіргі уақытта аталған мәселелердің бірқатарының шешімі табылғанын айтады. Сондай-ақ, қараусыз жүрген үй жануарлардың да иелерін анықтау жұмыстары жалғасып жатыр.
«Соңғы үш айда үй жануаларының 6 иесі анықталып, олардың төртеуіне ескерту берілді. 2 адамға әкімшілік шара қолданылды. Рауан тұрғын алабында үй жануарларын ұстайтын арнайы ұстау пукнті ашылды. Ендігі кезекте, Өмірзақ ауылында осындай орынды ашу көзделіп отыр», - деді ауыл әкімі.
Сонымен бірге, 3 айдан бері 60-қа жуық қараусыз иттер ауланған. Рауан тұрғын алабының халқының өтініші бойынша, асфальт жол салу жұмыстары жалғасын тапты.
«Жолды салу құны 425 миллион 679 мың теңгені құрайды. Қазіргі уақытта жол салу жұмыстарының 95 пайызы атқарылды. Алдағы уақытта қауіпсіздік мақсатында жол белгілері мен жаяу жүргіншілер жолағы орнатылады», - деді Жетібай Құбашев.
Бұдан бөлек, ауылдық округ әкімі тұрғындарды қоқыс үшін төлемақыны уақында төлеп отыруға шақырды. Қазір ауыл тұрғындарының қарызы 11 830 957 теңгеге жетіпті. Жетібай Құбашевтің айтуынша, мұндай қаржыға коммуналдық мекемеге арнайы техниканы жаңартып, қоқыс салатын контейнерлер санын арттыруға болады.