Жамбыл облысында ата-аналарға осындай тапсырма берілген.
Жамбыл облысы Білім басқармасының аудандық және қалалық білім бөлімдеріне жолдаған хаты көпті таң қалдырып отыр. «Өте шұғыл» деп белгіленген хатта «Еркелету сағаты» атты жаңа термин туралы тапсырма берілген, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
Жамбыл облысының әкімі жұрттың баласын қалай еркелететінін естіп отырмақшы. Ол үшін тіпті арнайы бұйрық шығарып, арнайы сағат бөлініп отыр.
"Еркелету сағаты" кешкі сегіз бен тоғыз уақыты аралығында өтеді. Осы аралықта ата-аналар желідегі ортақ чатқа баласын еркелетіп жатқан сәттерін бейнежазбаға түсіріп, есеп береді. Жиналған небір еркелету сөздерді мұғалімдер күнде таңертең жинақтап, облыс әкімдігіне жолдайтын көрінеді.
Тараз қаласында ата-аналар чатына осындай ерекше тапсырма келген. Сынып жетекшісі онлайн еркелету сабағын өткізді. Отбасы мүшелері қатысқан сабақта ата-аналар жаппай баласын еркелетуді бастап кетті. Әркім
айрандай ұйып отырған үлгілі отбасындай көрініп бейнежазба жіберген.
«Ия кеше мектептен балаларыңызды еркелетіңіздер деген тапсырма түсті. Одан кейін балаларымызды еркелетіп жібердік. Енді күнделікті-ақ еркелетіп жүрміз ғой. Ата-апаларымызға қалай еркеледік», - дейді Нұржан Қадірәлі.
Баласын еркелетіп жүрген ата-аналар бейнежазбаға түсіріп, оны мұғалімге жолдау керек деген тапсырманы қызық көріп отыр.
«Баламды онсыз да күнде еркелетемін. Мен бұл нәрсені онша түсінбеймін. Біз күнде еркелетеміз, содан кейін еркелеткенімізді бейнежазбамен жібереміз. Бұл жаңалық еріксіз езу тартқызғанмен, мұғалімдердің өздері еш сөкеттігі жоқ деп отыр. Күнделікті қыз-қыз қайнап жататын сынып чатына тек балаға көңіл бөлу уақытын ескертеміз», - дейді Гүлшат Тәжібаева.
Ал мұғалімдер мұндай жағдайды тек әлеуметтік желі арқылы жүзеге асатын нәрсе екенін айтады. Ол үшін тиісті құжат толтырудың қажеттілігі жоқ.
«Бұл ешқандай қағазбастылық емес. Мен тек уатцап желісі арқылы тапсырма бердім. «Құрметті ата-аналар!
Балаларыңызды еркелетуді ұмытпаймыз» деп ескерттім. Бұйрық бойынша күнделікті таңертең сынып жетекшісі чаттағы мәліметті жинақтап, мектеп басшысына жіберуі керек. Мектеп директоры оны білім басқармасына, басқарма басшысы облыс әкіміне жолдайды», - дейді Тараз қаласындағы №8 мектеп гимназиясының мұғалімі Гүлбайра Телбаева.
Аталған жағдайды білім басқармасының басшысы күнделікті қадағалап отырады. Облыс бойынша жинақталған бейнежазбалардың жинақтап, Жамбыл облысының әкіміне жолдайтын көрінеді.
«Балаларды еркелету - оларға көңіл бөлсін деген ниет. Күнделікті балалардың көңіл-күйлерін байқап тұру. Бұл жерде қағазбастылық немесе артық тапсырма беру ой жоқ», - дейді Жамбыл облыстық білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангөзов.
Өңірде еркелету сағатын енгізуге облыс әкімі түрткі болыпты. Ол оқушылар арасындағы қолайсыз жағдайларға отбасында еркелетудің аздығы себеп болатыны туралы ойға келсе керек. Одан кейін білім басқармасы осындай әдістемені енгізіп отыр. Ал бар мәліметті жинаған әкім кабинетінде жұрттың еркелеткен сәттеріне бейнежазба арқылы куә болатын секілді.