Жоба аясында «Астрахань-Маңғышлақ» магистральдық су құбырының ұзындығы шамамен 176 шақырымды құрайтын екі учаскесін ауыстыру жоспарлануда, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты «ҚазТрансОйл» АҚ-ға сілтеме жасап.
Бұл «Астрахань-Маңғышлақ» магистральды су құбырының өткізу қабілетін 2024 жылға дейін 110 мыңнан 170 мың текше метрге дейін арттырады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша және Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешіміне сәйкес «Астрахань – Маңғышлақ «1 кезең» магистральды су құбырын қайта жаңарту және кеңейту» жобасы жүзеге асырылуда. «Астрахань – Маңғышлақ» магистральды су құбырын жаңғыртуды 2023 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
«Астрахань – Маңғышлақ» магистральды су құбыры – стратегиялық маңызды нысан, ол Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласы, Бейнеу, Маңғыстау, Қарақия және Түпқараған аудандарының тұтынушыларын сумен қамтамасыз ететін бірден-бір орталықтандырылған көз болып табылады. Бұл облыс халқының 35 пайыздан астамын құрап отыр.