«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Жетібай елді мекенінің тұрғындарына тегін медициналық көмек көрсетті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Медициналық пойызда 22 білікті дәрігер бар. Атап айтқанда, терапевт, хирург, невропатолог, ультрадыбыстық диагностика дәрігері, акушер, зертханашылар, рентгенолог, сәулелі диагностика дәрігері, гинеколог, стоматолог, кардиолог және тағы басқа да дәрігерлер екі күні бойы жергілікті тұрғындарға кеңес берді.
Заманауи медициналық құрылғылармен қамтылған медициналық пойыз шалғайдағы тұрғындарға нақты диагноз қойып, ауруын ерте анықтауға және алдын алуға мүмкіндік береді. Сондықтан да жетібайлық тұрғын Гүлнар Сүйменова медициналық пойыз келген сайын анализ тапсырып, Астана мен Алматыдан келген дәрігерлерге денсаулығын қаратып алғанды жөн көреді.
«Анда-санда қан қысымым көтерілгені болмаса, денсаулығым жақсы. Меніңше, әрбір адам өзі үшін медициналық тексерістен өтуі қажет. Себебі ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу керек. Осы ретте мен де медициналық пойызда Экг түсіп, кардиологтың қабылдауында болдым. Дәрігердің айтуынша, бәрі жақсы», - дейді Жетібай елді мекенінің тұрғыны Гүлнар Сүйменова.
Медициналық пойызда дәрігерлерден бөлек заңгерлер де бар. Заңгер, кәсіби медиатор Ермек Медеубаевтың айтуынша, биылдан бастап денсаулық пойызына ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасы жөніндегі Ұлттық комиссияның қолдауымен заңгер медиаторлардың қызметі енді.
«Жетібай ауылындағы мәселелердің бірі жұмыссыз халықты тіркеу және әлеуметтік жәрдемақыларды алуға көмектесу. Сонымен қатар тұрғындар отбасылық қарым-қатынас, алиментті өндіріп алу бойынша сауалдармен жиі келді. Мұнан бөлек біз жеке мүлікті заңдастыруға, дау-дамайды шешуге тегін кеңес береміз», - дейді Ермек Медеубаев.
Айта кетейік, медициналық пойыз 30 тамызға дейін Маңғыстау облысындағы шалғай елді мекендерге аялдайды.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА