Маңғыстауда жаңа жобаға дайындық жүріп жатыр. 2027 жылы жасыл сутегі өндіретін зауыт құрылысы басталмақ. Неміс компаниясы күн және жел станцияларының қуатын пайдалана отырып, жылына 2 млн тонна жасыл сутегін өндіруді жоспарлап отыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жобаны жүзеге асырушы «Hyrasia One» неміс компаниясы қазіргі таңда Маңғыстау облысының арнайы территорияларында бұрғылау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жоба өз жемісін берсе Қазақстан әлемдегі жасыл сутегіні алғашқы болып өндіруші мемлекеттердің қатарына кіреді. Осылайша баламалы энергия көздерін пайдалану арқылы сутегі нарығының көшбасшысы болуға мүмкіндік туып отыр.
«Болашақта энергия тұтыну жасыл сутек немесе жасыл аммиак арқылы іске асады. Жасыл сутегі дегеніміз – энергия ресурсы, қарапайым тілмен айтқанда табиғатқа залалы жоқ отын. Біз жасыл сутегіні алу үшін электролиз процесін өткіземіз, яғни таза суға электроэнергияны жібереміз. Сол кезде суда химиялық реакция болады. Реакция уақытында сутегі молекулалары мен оттегі молекулалары бөлінеді. Судың ішіне жіберілген электроэнергия мөлшері сутегі молекуласының ішіне барып жиналады. Оттегіге емес. Яғни сутегі энергияны ұстап тұратын батарея іспетті. Ары қарай бұл сутегіні газ немесе сұйық отын ретінде пайдаланады»,- дейді «Hyrasia energy» компаниясының инвестициялар жөніндегі директоры Айнұр Тумышова.
Компания мамандарының айтуынша, жылына шығаруға жоспарланып отырған 2 млн тонна жасыл сутегіге көп су көлемі керек емес, тиісінше көп электроэнергия керек. Электролиздеу әдісінен соң қалатын қалдық оттегі ауаға таратылады да, алатын өнім сутегі ірі кәсіпорындар мен тауар өндірушілерге сатылады. Сондай-ақ, экспортқа шығарылады.
«Қазіргі уақыттан бастап, Қазақстанда да , еуропалық, азиялық, америкалық елдерде де жасыл сутегіні сатып алуға қызығушылық білдіріп отырған компаниялар көп", - дейді неміс компаниясының мамандары.
«Біз бұл өндіріске мамандар даярлау істерін де қарастырдық. Германия білім беру министрлігі және ҚР білім минситрлігімен келіссөздер жүргізу нәтижесінде Ақтау қаласындағы Есенов университетінің жанынан Қазақ-неміс инженерлік институты ашылды. Қазір онда 44 студент оқып жатыр. Германиядан арнайы келген профессорлар неміс тілінен дәріс береді. 2 жыл Ақтауда оқыса, ары қарай Германияға барып оқуды аяқтап қайтады. Студенттер жасыл сутегі мен одан шығатын басқа жасыл өнімдердің айналасында еңбек ететін инженер болып шығады. Осылайша қолданбалы зерттеу орталығы ретінде ашылған институт маман дайындау ісін бастап кетті» ,- дейді «Hyrasia energy» компаниясының инвестициялар жөніндегі директоры Айнұр Тумышова.