Ақтауда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «AMANAT» партиясы мен Үкіметтің бірлескен «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында семинар өтіп жатыр. Жобаның негізгі мақсаты – жеке тұлғалар арасында берешегі бар адамдардың қаржылық сауатын арттыру, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
5 ақпанда басталған семинар тұрақты түрде жүргізіледі. Жиынға 80-ге жуық қала тұрғыны қатысты. Семинарда спикер әр күні әртүрлі тақырыптарды қозғайды. Атап айтқанда, қаржылық сауаттылық негіздері, инвестиция жасаудың тәсілдері, алаяқтық схемалар мен қаржылық пирамидалар және мемлекеттік қолдаудың қаржылық шараларын түсіндіреді. Тегін курстың бүгінгі тақырыбы жеке тұлғалардың банкроттығына арналған. Спикер, қаржылық эксперт Асқар Имағанбетов соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану, сот банкроттығының шарттары, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру тәртібі және банкрот деп танылған азаматтарға қатысты бірқатар шектеулер туралы нақты кеңестер берді.
- Несие - ақшаны ақшаға айналдыру, көбейту үшін қолданылатын құралдардың бірі. Жеке тұлғалар несиені дұрыс бағытта пайдалана білуі керек. Мұқтаждықтан емес, жай ғана қажет деп тапқан затты алу үшін ғана үлкен көлемде несие алып жатқан азаматтар да бар. Несие деген ұғымды дұрыс түсінбеудің салдарынан көптеген адамдар борышкерлер тізіміне еніп жатыр. Алаяқтарға алданудың негізгі себебі адамдар тез арада үлкен нәтижені күтеді. Ал қаржылық сауаттылықтың негізгі қағидасы аз-аздан үздіксіз, яғни ұзақ мерзімдегі мақсаттарға жету үшін қаражатты жинау қажет, - деді қаржылық сарапшысы Асқар Имағанбетов.
Сонымен қатар, әрбір семинар қатысушысы спикерден жеке кеңес алып, толғандырған сұрақтарына жауап алуына болады. Көпбалалы ана Альфия Алланиязова семинар кезінде бірқатар сұрақтарына жауап алғанын атады.
- Семинарда мен тапқан табысымды қалай үнемдеп жинау керегін түсіндім. Төленбей қалған несиелерді қалай жабуға болады деген секілді сұрақтарға нақты жауап алдым. Спикер заңгерлермен қалай жұмыс істеуді де түсіндірді. Қаржылық сауатымды арттыруға көмектескен жобаға алғысымды білдіремін, - деді Альфия Алланиязова.