Маңғыстау облысында қызылшамен ауырғандар саны екі аптада 1,4 есеге төмендеді. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Гүлнар Көркінбаева мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Спикердің сөзінше, 2023 жылдың сәуір айынан бастап Маңғыстау облысында жұқпалы аурулардың ішінде қызылша ауруының эпидемиологиялық ахуалы тұрақсыз болды. Сондай-ақ, қосымша жаппай иммундауға жоспарланған адам саны 72 600-ды құрады.
- Бүгінгі күнге қызылшаның эпидемиологиялық ахуалын тұрақтандыру мақсатында 2023 жылдың қараша айынан бастап қызылшаға қарсы жаппай иммундау жұмыстары 6 айдан бастап 10 ай 29 күнге дейінгі, 2 жастан бастап 4 жас 10 ай 29 күнге дейінгі балаларға жүргізіліп жатыр. 13 қарашадан бері екпе алғандар саны – 63 480 адамды (87,4 %) құрайды. Ал 6 айдан бастап 10 ай 29 күнге дейінгі бала – 12 200, егілгені - 7058 (58,8%). Кіші жастағыларға 2-4 жас 11 ай 29 күн бала – 50 800, егілгені – 47 203 (93,0%). Медицина қызметкерлері –1000, егілгені - 1 244 (124,4%) және 18 жасқа дейінгі егілмегендер – 8 800 ,егілгені - 7 975 (90,6%) құрайды,- деді Гүлнар Көркінбаева.
2023-2024 жылғы эпидемиологиялық маусымда тұмау және ЖРВИ бойынша санитариялық-профилактикалық, санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу туралы бірлескен жоспар бар. Тұмау ауруымен күрес жыл сайын тікелей облыс әкімдігінің қолдауымен жүргізіліп келеді. Бұл ауруға қарсы егу үшін жыл сайын тұрақты түрде жергілікті бюджеттен қаржы бөлінеді. Қазіргі таңда тұмауға қарсы егумен барлығы 90 300 адам қамтылды, соның ішінде жергілікті бюджеттен 90 000 адам, ақылы түрде - 300 адам егілді. Облыс тұрғындарының егумен қамтылуы 11,3 %-ды құрады.
Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекболат Ізбасаров атап өткендей, ауру белгілері пайда болуымен учаскелік дәрігер көмегіне жүгіну қажет. Ол өз кезегінде тиісті ем тағайындап, науқас денсаулығын бақылауға алады. Ем-дом барысында симптоматикалық терапия, яғни дене қызуын түсіретін препараттар мен антибиотиктер қолданылады. Науқастың жағдайы нашарлаған жағдайда стационарға жатқызылады.
Айта кетейік, эпидахуал жөнінде өзге де сұрақтар туындаған жағдайда 50-19-09 нөміріне хабарласуға болады.