Жаңаөзен қаласындағы сайлау учаскелерінде өз таңдауларын жасауға келген халықтың қарасы көп. Солардың бірі №18 орта мектепте орналасқан №102 сайлау учаскесіне таң қылаң бере келген Шаттық Құлмағанбетова алғашқылардың бірі болды.
Сайлауға белсенді түрде қатысып, дауыс беру - әрбір сайлаушының азаматтық борышы деп есептейтін №2 жалпы білім беретін мектептің психологы ел Президентін таңдау маңызды қадамдардың бірі екендігіне тоқталды.
- Мен биыл ең бірінші болып дауыс бердім. Өз таңдауымды жасамастан бұрын халқымыздың егемендік алғаннан кейінгі жолына, жеткен жетістіктеріне көз жүгірттім. Тәуелсіздік жылдарындағы толайым табыстарымызды саралап, ҚР азаматшасы ретінде өз таңдауымды жасадым. Сайлау құқына ие болғанымды мақтан етемін. Сайлаудың еліміздің одан әрі кемелденуі үшін атқарар рөлі маңызды. Елі мен жерінің қамын ойлайтын әрбір тұрғын сайлауға келіп, өз дауысын беруі керек деп ойлаймын. Еліміздің дамуы жолында жасалып жатқан жұмыстардың барлығы оң нәтижесін беріп, Қазақстанды әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарынан көретінімізге кәміл сенемін, – дейді жас ұстаз Шаттық Құлмағанбетова.