Мұнайшы мәдениет үйінде жырау, мақамшы-сазгер Сүгір Бегендікұлының 130 жылдығына арналған «Сүбелі сөздің семсері» атты республикалық ғылыми конференция және әдеби сазды кеш өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Ғылыми конференция жырауға арналған арнайы сахналық қойылыммен басталды. Іс-шараға Жаңаөзен қаласының әкімі Жансейіт Қайнарбаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
- Жыраулық өнер қазақ халқының тарихымен бірге жасап келе жатқан дүние. Елге белгілі шежіреші «Сүгір Бегендікұлы - тек Маңғыстаудың жырауы ғана емес, берісі қазақтың арысы алты Алаштың мақтанышына айналған тарихи тұлға» деп баға берілуі тегіннен тегін емес. Ол Қырымның қырық батыры, Қарасай Қази, Орақ-Мамай, Мұңлық-Зарлық, Ер Едіге туралы дастан-жырларды сан түрлі мақам-саздарға салып, құбылта жырлаған. Бүгінгі ұрпақ көне мұраны аманат етіп, көзінің қарашығындай сақтауы тиіс. Сонымен қатар осы орайда Қызылсай ауылына 65 жыл толып отыр. Баршаңызды құттықтаймын,-деді Жансейіт Қайнарбаев.
Сонымен қатар іс-шарада ҚР мемлекеттік хатшысы Ерлан Қариннің құттықтау сөзін оқыды.
Сондай-ақ халықтық алтыншы шаңырақ ұжымы Сүгір Бегендікұлының өмірбаянын қойылым ретінде сахналады. Ғылыми конференцияға баяндама оқуға Ш.Есенов университетінің профессоры Бибайша Нұрдәулетова, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті филология ғылымдарының кандидаты Мұхтар Миров, Маңғыстау облысынығ үздік өлкетанушысы Отыншы Көшбай, өнерді зерттеуші, хикметші Елдос Еміл және ата ұрпағы ақын Сәрсен Қадыр қатысты.
Іс-шара соңында ғылыми конференция қатысушылары арнайы марапатталды.