Рахат ауылының №15 мектебінде орналасқан №99 сайлау учаскесіне таңертеңнен бері үлкенді-кіші тұрғындар келіп, өз дауыстарын беруде. Саяси науқаннан қалыс қалмай, ел болашағы үшін дауыс беруге келгендердің бірі белбеу күресінен әлем чемпионы Маржан Каналиева.
Сайлау - Жаңа Қазақстанды қалыптастырудағы маңызды қадамдардың бірі деп санайтын Маржан Каналиева пойыздан түскен бойда сайлау учаскесіне өз таңдауын жасау үшін асығып келген. Маржан Каналиева 2002 жылы Жаңаөзен қаласында дүниеге келіп, №15 орта мектепті тәмамдаған. Бүгінде Ш.Есенова атындағы университетте «Дене тәрбиесі» мамандығы бойынша білім алуда. Маржанның спортпен шұғылданып жүргеніне 8 жылдан асқан. Ол осы уакыт аралығнда ҚР чемпионаттарында, республикалық және халықаралык жарыстарда жүлделі орындар алған.
Ақылына көркі сай жаңаөзендік спортшы қыз сайлаудың маңыздылығына тоқталды.
-Мен елімнің патриоты болғандықтан және елімнің болашағын ойлайтын азаматшасы ретінде пойыздан түскен бойда өз сайлау учаскеме келіп, таңдауымды жасадым. Қазақстан Респбликасының шарықтап дамуы жолында ел мен жер үшін аянбай еңбек ететін Президентті таңдау өте маңызды қадамдардың бірі. Сайлауға немқұрайлы қарауға болмайды. Ел тізгінін берік ұстай алатын, бейбітшілік пен ауызбіршілікті сақтайтын Президентті таңдау үшін сайлауға қатысып отырмын, - дейді Маржан Каналиева.