Transco Kazakhstan компаниясы маңызды жоба – Ақтаудағы логистикалық орталық құрылысын қарастыруда. Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев Transco компаниясының делегациясымен кездесіп, тараптар жоғарыда аталған жобаны іске асыру мүмкіндіктері мен оның облыс экономикасы мен еңбек нарығына әсерін талқылады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Transco компаниясы – Шығыс және Орталық Еуропаның көлік-логистикалық саласындағы көшбасшылардың бірі. Компанияның бұл шешімі өңірге инвестиция тартып, жаңа жұмыс орындарын құрып, мұнай-газ саласы мен машина жасау сияқты өнеркәсіптің дамуына ықпал етуі мүмкін.
Кездесуге Transco компаниясының құрылтайшысы Кристиан Бюхелер, компанияның ҚР-дағы өкілдігінің бас директоры Алиакпар Матишев, компанияның ҚР-дағы өкілдігінің тең директоры Виктор Нестеров, сондай-ақ облыстық басқармалардың, квазимемлекеттік сектордың басшылары қатысты.
Кездесуге қатысушылар көліктік және логистикалық инфрақұрылымды дамыту үшін географиялық тұрғыдан қолайлы жерде орналасқанын және Маңғыстау облысының халықаралық тасымалдар үшін маңызды өңірге айналып келе жатқанын талқылады. «Жасыл сутегі өндірісі» сияқты жобалар жұмыс орындарын құруға және екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.
Transco Kazakhstan өнеркәсіпке арналған жабдықтарды халықаралық тасымалдауды ұйымдастыру үшін Ақтауда логистикалық орталық салу жөніндегі жобаны іске асыру мүмкіндігін қарастыруда.
Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев өңірдің инфрақұрылымы мен өнеркәсібін дамытуға бағытталған жобаларға қолдау білдіріп, ынтымақтастық пен экономикалық өсуге ықпал ететін барлық бастамаларды қолдауға дайын екенін атап өтті.
- Біздің бүгінгі кездесуіміз өзара тиімді ынтымақтастық үшін бірлескен іс-қимылдың бастауы болады деп үміттенемін. Маңғыстау – Қазақстанның жетекші және маңызды өңірлерінің бірі, оның теңіз арқылы бес елмен шектесуі қолайлы географиялық жағдай тудырады. Өңірде экономиканы дамытудың басым бағыттары мұнай-газ өндіру, мұнай сервисі, өңдеу өнеркәсібі, көлік және логистика, АӨК, туризм және жаңартылатын энергетика болып табылады. Бүгінгі таңда Маңғыстау облысы ірі көліктік-логистикалық орталыққа айналуда. Мұнда авиациялық, темір жол, автомобиль және теңіз көліктік желілері шоғырланған. Ақтау және Құрық порттары арқылы өтетін Транскаспий маршруттары Қытайдан, Орталық Азия елдерінен – Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Тәжікстаннан, сондай-ақ Ресейдің Орал-Сібір аймағынан Түркия мен Еуропаға және кері қарай жүктерді жеткізудің тиімді логистикасын қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, ағымдағы жылдың маусым айында Маңғыстау облысына Германияның Федералды Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер келді. Іс-сапар аясында Svevind неміс-швед компаниясының басшылығымен жасыл сутегі өндірісі бойынша ауқымды жобаны іске асыру бойынша жобаның іргетасы қаланды. Жоба тұшыту зауытын, 40 ГВт жаңартылатын энергия көздері (жел, күн) станциясын және өндірістік қуаты жылына 2 млн тонна сутегі бар су электролизін орнатуды және пайдалануды көздейді. 30% және 70% арақатынасында күн және жел электр станцияларын салу көзделіп отыр. Жобаның инвестициялық құны 50 млрд АҚШ долларынан асады. Өз тарапымыздан екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған барлық бастамаларды қолдауға әрқашан дайынбыз, - деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.