2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасында шағын кәсіпкерлікті, оның ішінде микрокәсіпкерлікті дамыту үшін жағдайды жақсарту мақсатында енгізілген тексерулерге және профилактикалық бақылауды барып жүргізуге моратория аяқталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Атамекен өңірлік кәсіпкерлік палатасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өңірлік кәсіпкерлік палатасының кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің бастығы Асылбек Жарылғасов ҚР кәсіпкерлік кодексінің талаптарына сәйкес бақылаушы органдардың тексеру жүргізу тәртібін және кәсіпкерлердің құқықтары мен міндеттерін түсіндірді.
«Бақылаушы органдар тексеруге келген жағдайда кәсіпкерлердің дұрыс әрекет етуі және дайын болуы өте маңызды. Бұл орайда, кәсіпкерлер тек қана бухгалтерлік, кассалық, кадрлық және басқа құжаттарды уақтылы қалыптастыру ғана емес, сонымен қатар өздерінің құқықтары мен міндеттерін білуі, тексеруші орган өкілдерімен сындарлы (конструктивті) диалогқа дайын болуы қажет», - дейді Асылбек Жарылғасов.
Сонымен қатар, кез келген кәсіпкер ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінде тіркелген тексерулер туралы ақпаратты qamqor.gov.kz порталында немесе «Qamqor for business» мобильді қосымшасы арқылы біле алады.
Департаментте тіркелмеген тексерулер заңсыз болып есептеледі. Егер тексеруші мемлекеттік органдар тарапынан заңсыз әрекеттер орын алған жағдайда ҚР Бас прокуратурасының Call-орталығы - 115 байланыс нөмері арқылы жүгіне алады.
Сонымен қатар, «Атамекен» ҚР ҰКП Call-орталығы – 1432 немесе Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасына 8 /7292/ 304040 арқылы байланысуға болады.