
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекбол Орынбасаров пен ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов Маңғыстау облысындағы су объектілерін аралады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Жұмыс сапары барысында алдымен Түпқараған ауданы Форт—Шевченко қаласына аялдап, ауқымды екі жоба құрылысын қарады. Атап айтсақ, тәулігіне 5000 текше метр су өндіретін зауыт жұмысымен жіті танысты. Жалпы құны 7 160 940.70 мың теңгені құрайтын кешен құрылысын «Tolagai-2050» ЖСШ компаниясы жүргізіп жатыр. 2023 жылы су зауытына 4,2 млрд теңге бөлінген. Бүгінде тағы 2,6 млрд теңге қосымша республикалық бюджеттен бөлініп тұр.
- Қазіргі таңда 6 млрд теңге көлемінде қаржы игерілді. Жабдықтардың 70 пайызы дерлік әкелінді. Бұл жобаның әлеуметтік маңызы жоғары. Мұндай технология Америка, Жапония елдерінде, сондай-ақ еліміз бойынша Доңға жерінде тәжірибеге енген. Жоба бейімделу кезеңінен өткен соң бірқатар әлеуметтік мәселелердің оң шешімін табуына ықпалдасады, -деді Бекбол Орынбасаров.
Түпқараған ауданы әкімі Рахат Елтизаровтың айтуынша су зауыты Форт- Шевченко, Баутино және Аташ елді-мекендерін сумен толықтай қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, өндіріс пен туризм саласын дамыту мақсатында салынатын қонақ үйлерді сапалы ауыз сумен қамтиды.
— Жоба 14 айдың ішінде аяқталуы тиіс, алайда алдағы бірінші жарты жылдықта іске қосуды жоспарлап отырмыз. Жалпы Форт- Шевченко, Баутино және Аташта 12 мың адам тұрады. Халықтың тұтыну қажеттілігі орташа есеппен алғанда 2500-3000 текше метр. Оған қарамастан 5000 текше метрлік су зауытын салып жатырмыз. Өйткені өндірістік мекемелер мен қонақ үйлер құырылсы жоспарланған. Су зауыты іске қосылған жағдайда 24 сағат бойы су үздіксіз берілетін болады,-деді Рахат Елтизаров.
Ал екінші жоба бойынша кәріз жүйелерін тазарту станциясының құрылысын 1000 текше метрге дейін ұлғайту жоспарланған. Аталған жоба 2024 бірінші жарты жылдығында іске қосылмақ. Өндірілген су елді-мекендегі жасыл желектерді суғаруға, ауыл және егін шаруашылығына, балық шаруашылығына да пайдаланылмақ.
- Бүгінде мұнда 400 текше метр су өндіретін қондырғы орнатылған. Қазіргі таңда 9 лагуна бар. Оның 8 лагунасы тазартылған. Қазір 1 лагунаны тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кәрізден шығатын суды біз 2 бағытта пайдаланғымыз келіп отыр. Бірінші бағыт бойынша Форт-Шевченко және Баутино елді мекеніндегі жасыл желектерді суаруға пайдаланамыз. Тағы бір жобамыз бұдан шыққан суды ауыл шаруашылығын және егін шаруашылығын дамыту мақсатында өнімдерді өсіру үшін пайдалану. Бұл кәсіпкерлер үшін де жергілікті халық үшінде тиімді болмақ,-деді Рахат Елтизаров.
Кәріз жүйелерін тазарту станциясының құрылысы бойынша жоба құны 2 млрд 515 млн теңгені құрайды. ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайхановтың айтуынша алдағы уақытта ҚР бойынша 69 қалада кәріздік тазарту құрылысы салынады.
- Көріп отырғанымыздай Маңғыстау облысында бірқатар жұмыстар жасалған. Бірінші жартыжылдықта екі жоба да өз жұмысын бастайды. Ауыз су мәселесі Маңғыстау өңірі үшін аса маңызды, қордаланған мәселе екені белгілі. Мәселе кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Президентіміздің тапсырмасына сәйкес 2025 жылға дейін халықтың 100 %-ы толық, сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілуі тиіс,-деді Ерболат Ибрайханов.