Қарақия ауданына қарасты Сенек ауылының тұрғындары 5 күннен бері су жоғын айтып, видеоүндеу жолдады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ауыл тұрғындарының сөзінше, жыл сайын жаз айында ауыз су мәселесі көтеріледі. Ауыл іргесіндегі бархан құмның ішінде 30 шақты су бұрғылау қондырғысы бар. Алайда ол су «Су-1» станциясы арқылы Жаңаөзен қаласына жіберілетінін айтып отыр.
«Еділ өзенінің су құбырларына жөндеу жұмыстары жүргізілетін болса, ауылымызға келетін суды жауып тастайды. Су тасымалдау көлігі де жоқ. «Тұрмыс Сервис» мекемесі ауылымызды сумен қамтамасыз ете алмайды. Құмның асты тұнған таза су. Облыс әкімдігінен ауылымызға осы құмның арасынан 2 құдық қазып беруін сұраймыз, - дейді ауыл тұрғындары.
Қарақия ауданы әкімдігінің айтуына қарағанда, Жаңаөзен қаласы, Бейнеу, Қарақия, Маңғыстау аудандарын ауыз сумен қамтамасыз етуші «Астрахань-Маңғышлақ» магистральды су жүйесінде құбыр ауыстыру жұмыстары жүргізіліп, салдарынан өңірге келетін ауыз су көлемі азайған. Нәтижесінде Жаңаөзен қаласы мен ауданға қарасты Бостан, Құланды және Сенек ауылдарына су жеткізуші «Су өндіру және тасымалдау басқармасы» ЖШС-ның ауыз суына сұраныс артып, серіктестік үнемді режимге көшкен.
«Осыған байланысты, Бостан, Құланды және Сенек ауылдарына ауыз су резервуардағы қор арқылы берілді. Бүгінгі күні жағдай тұрақты ауыз су құбыр арқылы беріліп, резервуарларға қор жиналып жатыр. Оның ішінде Сенек ауылындағы резервуарға 494 текше метр су жинақталды», - дейді аудан әкімдігі.