Ақтау қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау капитаны Нұрманов Қайсар Мұстафаұлы өз мамандығының ерекшеліктері жөнінде әңгімеледі, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Оның сөзіне сүйенсек, жыл басынан бері Ақтау қаласы аумағында 67 өрт тіркелген. Көбінесе тұрғын үйлер мен автокөліктерде электр қуаты сымдарының қысқа тұйықталуы салдарынан өрт тұтанған.
«От жағып, шәйнек, қазан қайнатып, кейін өшіруді, қысқа толқынды пештер мен үтіктерді тоқтан ажыратуды ұмытып кететін кезздерде кенет өрт тұтануы мүмкін. Мұндай жайттар жиі орын алады. Тағы айта кетер дүние - ересектер кішкентай балаларды қараусыз жалғыз тастап кетеді. Биыл қаладағы 8-шағынауданда осындай оқиға орын алған еді. Апасы есіл-дертімен телефонға телміріп отырғанда, сіңлісі сіріңкені жағып, керек-жарақтарды қоятын бөлмеге лақтырыр жібереді. Нәтижесінде екі бөлменің біреуі толықтай жанып кетеді. Биыл балалардың салғырттығы салдарынан осындай 3 оқиға тіркелді. Өкінішке орай тілсіз жау бір адамның өмірін жалмады. Күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан пәтерді өрт жалыны тұтас шарпып, бір адам шыға алмай қалған. Денесінің 90 пайызын терең күйік шалып, көз жұмды. Ал өзге өрт оқиғаларында зардап шеккендерге алғашқы шұғыл медициналық көмек көрсетілгенннен кейін есін жиып, өз-өзін қолға алады. Биыл қызметтік борышын атқару кезінде ауыр жарақат алып, денсаулығына зиян келген өрт сөндірушілер болған жоқ»,-дейді Қайсар Нұрманов.
Әңгіме барысында қанатын солтүстік-батыс бағытта кеңге жайып келе жатқан Ақтауда тұрғын үй-жайлар мен ғимараттар құрылысын жүргізу барысында өрт сөндіру қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды сақтау мәселесі де көтерілді.
«Өрттер көбіне тұрғын үй секторында орын алады. Қазір таңда тұрғын үй-жайлардың құрылысын жүргізу барысында көлік тұрақтарының орналасуы назарға алынбайды. Негізі әрбір тұрғын үйдің алдында өрт сөндіру көлігін қоюға арналған орын болуы тиіс. Өрт сөндіру көлігінің емін-еркін қозғалысы ескеріліп, оның кедергісіз , кіріп-шыға алуына жағдай жасалуы қажет. Сондай-ақ өрт сөндіру крандары, автоматты өрт сөндіру құрылғыларымен, өртке қарсы дабыл жүйелерімен толықтай қамтамасыз етілуі тиіс. Биыл меншік иелерінің бірлестіктерімен бірлесіп 30-ға жуық тұрғын үйге тексеріс жүргіздік. Барлығынан да кемшіліктер табылды. Жартысына жуығы сот шешімімен ескерту алды. Құрылысшылардың жауапсыздығынан тұрғындар зардап шегуі мүмкін»,-дейді тәжірибелі маман.
Қайсар Нұрманов өз сөзінде қала аумағындағы барлық білім беру ұйымдарына жыл сайынғы жоспарға сәйкес өрт-техникалық тексеріс жүргізілетіндігін де атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бұйрығымен келер жылдан бастап өрт сөндірушілердің жалақысы 10 пайыздан 70 пайызға дейін көтерілетіндігі мәлім болды. Сонымен қоса өрт сөндірушілердің әлеуметтік жағдайын, баспана мәселесін, сапалы кадр дайындау ісін шешу бойынша нақты тапсырмалар берілді. Бұл халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде өмірін қатерге тігіп жүрген азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің қажырлы еңбегін лайықты бағалау деп түсінемін. Құтқарушы батылдық пен қайсарлықты, қырағылық пен өжеттікті талап ететін жауапты мамандық. Сондықтан қоғам назарынан құтқарушы мамандығының маңызы мен мәртебесі тыс қалмауы тиіс»,-дейді Қайсар Мұстафаұлы.