Басқосуда еліміздің мемлекет және қоғам қайраткері Саламат Мұқашевтың ел дамуы мен өндірісті өлкенің өркендеуіне сіңірген елеулі қызмет жолы, азаматтық болмысы мен қайраткерлік ұстанымы, еңбекпен шыңдалған ерен тұлғасы турасында өрелі әңгіме өрбітті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жиында Саламат Мұқашевпен қызмет бабымен қоян-қолтық араласқан, көзқарастары үндестік тапқан үзеңгілес замандастары - Қайролла Ережепов, Бектұр Төлеуғалиев, Ақмоншақ Баужанова және өзге де зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, 1980-85 жылдары, бес жыл ішінде С.Мұқашевтың басқаруымен Маңғыстау облысында іске асқан кен игеру, жаңа кәсіпорындар құру, мұнай-газ, ауыл шаруашылғы саласын серпінді дамыту, өнеркәсіптік өнімдер көлемін ұлғайту секілді ауқымды жобалар жөнінде ой-пікірін ортаға салды.
"Саламат Мұқашев жан жайсаң, сөзге сараң, ізгі адамгершілік қасиетімен , жоғары жауапкершілік, іскерлік-ұйымдастырушылық қаблетімен көзге түскен жан еді. Ел басқарудағы, жергілікті кадрларды іріктеудегі ерекше тәсілі, облыс шаруашылығының ірі ұйымдастырушысы ретіндегі рөлі ел жадында жаңғыра түспек",-деді Бектұр Төлеуғалиев.