1 тамыздан бастап Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының перинаталдық орталығында «Дүниежүзілік бала емізу апталығы» өтіп жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Бүгін неонатолог-дәрігер Бердишева Светлана Сисенбаевна және бала мейірбикесі Акимова Ақкөрпеш ана мен бала бөліміндегі аналарға дәріс өткізді.
Дәрісте емшекпен емізудің маңыздылығын, емізу техникасын сақтау, емшек сүтінің артықшылығы жөнінде білім берілді. Сонымен қатар ана сүтінің сәбиге тигізетін пайдасы туралы жас аналарға түсіндіру жолы айтылды.
Жалпы ана сүтімен сәбиді емізу босану бөлімінен басталады. Осы ретте босану бөлімінің акушері Гулшат Беркенова бөлім мамандарына дәріс беруде.
Айта кетейік, апталық ана сүтін еметін балалардың денсаулығын нығайтуға, емшек емізуді насихаттауға бағытталған. Соның аясында «Емізу – бала саулығының негізі» тақырыбында іс-шаралар жоспары бекітілген. Іс-шаралар 7 тамызға дейін жалғасады.