Ақтауда саяси-әлеуметтік, мәдени-экономикалық және рухани дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бір топ қайраткерлер марапатталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау облыстық мәслихатының хатшысы Жаңбырбай Матаев мәдениет саласының үздіктері, еңбек адамдары, халық қалаулылары, кәсіпкерлік саласының дамуына үлес қосып жүрген азаматтармен қатар БАҚ өкілдеріне арнайы марапаттарды салтанатты түрде табыс етті.
Маңғыстау облысының Құрмет грамотасы, Қазақстан мәсслихаттары депутаттарының Құрмет грамотасы, алғыс хаты, 28 маусым БАҚ өкілдерінің төл мерекесі және Алаш арысы Жалау Мыңбайұлының құрметіне шығарылған арнайы төсбелгі табысталды.
Марапат алғандардың арасында 30 жылдан астам уақыт мұнай-газ кешенінде еңбек еткен ардагер мұнайшы Қонақ Түметов те бар. Ол өңірдің экономикасының дамуына үлес қосып, компанияда жемісті еткен жан.
«Отыз жылға жуық уақыт бойы Қаражанбас кен орнында еңбек еттім. 1989 жылы еңбек жолым басталып, 2022 жылы зейнетке шыққан жайым бар. Құрылыс-өндеу цехында еңбек етіп, кейін технологиялық транспорт басқармасына ауыстым. 33 жылдық еңбек жолымда компанияның дамуына елеулі үлес қостық.
Әскерден келген соң бірден мұнай-газ кешеніне орналасқан едім. Содан бері көзді ашып-жұмғанша уақыт зымырап өте шығыпты. Мұнай саласында еңбегімізді елеп, бүгін марапат тапсырған Маңғыстау облыстық мәслихатының хатшысы Жаңбырбай Матаевқа алғыс айтамын, - деді Қонақ Түметов.