Құрметті маңғыстаулықтар!
«Маңғыстау...Тарих пен табиғаттың бірге толғаған тамаша дастаны, бірге салған таңғажайып суреті, бірге шерткен тағылымды шежіресі. Оны таңданбай көріп, тамсанбай түйсінуің мүмкін емес» деп заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев айтқандай, қойнауы сырға, тарихы мұраға толы таңғажайып Маңғыстау облысына биыл 50 жыл толып отыр. Ұлыстың ұлы күнімен тұспа-тұс келген айтулы мерейтоймен барша өңір жұртын шын жүректен құттықтаймын.
1973 жылдың Наурыз айында Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығымен Қазақ ССР-нің құрамында жаңа Маңғышлақ облысы құрылды. Содан бері Маңғыстаудың шежірелі тарихы еліміздің даму кезеңімен, айтулы оқиғаларымен үндесе, біте қайнасып, қалыптасып келеді.
«Елу жылда ел жаңа» демекші бүгінде облыс халқының саны артып, әлеуметтік-экономикалық оң нәтижелерге қол жеткізілді. Жарты ғасырда аймаққа көп инвестиция тартылды, әлеуметтік заманауи нысандар бой көтеріп, қуатты туристік индустрияға қадам бастық.
Өлкеміздің ең басты байлығы – оның жасампаз халқы. Олар тыңнан түрен салып, қаламызды тұрғызды. Сөйтіп Каспий жағалауындағы тусырап жатқан өңірге жан бітіріп, даңғыл дамуға жол ашты. Осы орайда жас қала мен облысты қалыптастыруға атсалысып, түрлі салада қызмет атқарған бүгінгі ардагерлерімізге айрықша алғыс айтқым келеді. Олардың жанқиярлық еңбегі, Отанға қалтқысыз қызмет етуі – өскелең ұрпақты тәрбиелеудің зор үлгісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Біз қазір технологияның қарқынды даму дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Жаһандық бәсеке күшейген заманда алыстағыны алатын алғырлық, қиядағыны шалатын қырағылық керек», - деп айтқан болатын. Сондықтан қазір той тойлау емес, ой ойлау заманы екенін есте ұстағанымыз абзал. Өйткені өңірімізді жаңғыртып, жоғары жетістікке жету үшін, бүкіл ойлау жүйемізді ғылым мен білімге бұрып, жаңартуымыз керек.
Қадірлі жерлестер!
Мереке құтты болсын! Киелі Маңғыстаудың құты мен ырзығы артып, өңіріміз дами берсін. Сіздерге мықты денсаулық, баянды бақыт, шаңырақтарыңызға шаттық, құт-береке тілеймін!
Құрметпен,
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев