Мұнайлы ауданына қарасты Маңғыстау ауылында төрт қабатты 30 үй салынады. Қазіргі таңда сыртқы және ішкі инженерлік желілерін тарту жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
30 үйде 720 пәтер бар. Алдағы уақытта құрылыс біткен соң кезекте тұрған адамдарға жалға берілмек.
-Үйдің құрылысын 2023 жылдың 2-жартыжылдығында бастау жоспарланған. Наурыз айының соңына дейін сараптамалық қорытынды алынып, бюджеттік өтінім жолданады. Ол қаржыландырылса, құрылыс жұмыстары басталады, - деді Мұнайлы аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары Қыдырберген Балиев.
Қазіргі таңда құрылыс орнында сыртқы және ішкі инженерлік желіні (су, абаттандыру және көгалдандыру) тарту жұмыстары жүріп жатыр. Осыған дейін 6 мың шаршы метр брусчатка мен жаяу жүргіншілер жолы салынды. Енді 660 шаршы метр қалған. Сондай-ақ, 3 футбол алаңы мен 1 ойын алаңы жасалған. Қазір жасанды шөп төсеу жұмыстары қалды.
- Тұрғын-үйге асфальт төсеу жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Осыған дейін 29 мың шаршы метр салынды. Енді 3 мың шаршы метр төселеді. Жұмыстың 90%-ы аяқталды. Ал, газ тарту 2022 жылы басталып, 3800 шақырымға құбыр жүргізілді. Қазіргі кезде газ реттеу пунктін орнату жұмыстары қалды,-деді учаске басшысы Серік Қартбаев.
Аталған жұмыстарды «Актау+НШ» ЖШС, «Нұр Жол Құрылыс» ЖШС және «АЭS and Limited» ЖШС атты мердігер ұйымдар атқаруда. 2024 жылы құрылысты аяқтау жоспарланған.