Әдептілік-қалыптасқан ұлттық мәдениеттің белгісі, ұлттық қазақи тәрбиенің ізгі бастауы. Ғұлама философ, ғалым Әбу-Насыр әл-Фараби әдепті жақсылық пен жамандықты айыруға мүмкіндік беретін ғылым деп қарастырып, «Әдептілік-әрбір жеке тұлғаның рухани байлығы, қазынасы»,- деп айтқан.
Адам баласы бұл өмірде өз орнымды тапсам дейді.Сол үшін қолынан келген бар мүмкіндігін істеп бағады.Сол мақсатына апарар жол-әдептілік жолы. Адам ең әуелі адамгершілігімен, әдебімен көрікті. Ол адамның ішкі жан дүниесі, интеллектісі, парасаты мен сезімі сыртқы келбетінен, көздерінен, бет-әлпетінен, сондай-ақ тұлға- мүсіні мен мінез –құлқынан көрініс табады. Әдеп арқылы жеке адамның адамдар арасындағы қадір-қасиеті арта түседі.
Соның ішінде ел тізгінін ұстап, халыққа қызмет жасап жүрген мемлекеттік қызметшілер жоғары мәдениеттің, парасаттылық сыпайылық, кішіпейілділік, әдептіліктің мінсіз бейнесін халыққа көрсетуі тиіс. Демек, қоғам арасында мемлекеттік қызметші туралы дұрыс пікір, оң көзқарас, сенімділік қалыптасуы қажет.
Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілердің моральдік-адамгершілік бейнесіне және іскерлік қасиеттеріне қойылатын талаптарды жоғарылату мақстында Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығымен бекітілген әдеп жөніндегі уәкіл туралы ереже талабына сай, мемлекеттік қызметшілер арасында әдеп жөніндегі уәкілдер бекітілген.
Мемлекеттік қызметтегі әрбір азамат халқымыздың жалпы қабылданған рухани құндылықтар жүйесін сақтаумен қатар, мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастырып, мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің талаптарын сақтауды үнемі назарда ұстауы тиіс.
Олай болса, кім-кім де әдеп нормаларын аттап кетпей, өзінің барлық іс-әрекеттерін осы қағидалармен бағамдап, мінез-құлқын әдеп ережелеріне сай ұстай алғанда ғана тіршіліктегі көздеген арман мақсатына жете алады.
Адам әрдайым тек сырт сұлулығымен емес, ішкі жан дүниесімен, әдептілігімен, мәдениеттілігімен әдемі.
Маңғыстау облысы бойынша
қазынашылық департаменті
басшысының орынбасары
Майра Сардарбек