Өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен Маңғыстаудың үздік спортшыларына, жаттықтырушыларына, спорт қызметкерлеріне және 2023 жылы облыстық спорттың дамуына елеулі үлес қосқандарға «Жыл үздігі» сыйлығын тапсыру салтанаты өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Салтанатты жиында еліміздің туризм және спорт министрлігінің төс белгілері, Маңғыстау облысы әкімінің Құрмет грамоталары мен алғыс хаттары табыс етілді.
Нұрлан Ноғаев марапатталған барлық спортшыларға одан әрі спорттық жетістіктеріне ізгі тілектерін білдірді.
- Бүгін-Маңғыстау облысының жарқын, табысты және ең ынталы спортшыларын марапаттайтын күн! Құрметті спортшылар, жаттықтырушылар және спорт қоғамдастығының мүшелері! Мен сіздерге үлкен алғысымды және терең құрметімді білдіргім келеді. «Жыл үздігі» сыйлығы сіздердің жетістіктеріңіз бен спортқа деген адалдығыңыз үшін лайықты құрмет. Сіз өзіңіздің табандылығыңыз және еңбекқорлығыңызбен шабыттандыратын нағыз батырларсыздар. Сіздің таланттарыңызбен төзімділіктеріңіз тек біздің аймақ үшін ғана емес, бүкіл ел үшін мақтаныш. Осы жыл сіздер үшін жеңістерге толы болды, әсіресе біздің параолимпиадашылар ерекше көзге түсті. Сіздерді лайықты наградалармен және Құрмет грамоталарымен құттықтаймын! Сіздердің спорт саласын дамытуға қосқан үлесіңізді асыра бағалау мүмкін емес, және сіздердің алдыңызда одан да үлкен жетістіктер күтіп тұрғанына сенемін. Әрбіріңіздің қосқан үлестеріңіз үшін рахмет және сіздермен бірге жаңа жеңістерді асыға күтеміз! - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.
Жыл қорытындысы бойынша Маңғыстауда бұқаралық спортпен қамту көрсеткіші 40,6% - ға жетіп отыр. Бұл 323 793 адамды құрайды. Аталған көрсеткіш жаңа спорт залдарының ашылуына, мемлекеттік спорттық тапсырыстардың орындалуына және бұқаралық спортты дамытуға бағытталған әлеуметтік жобалардың іске асырылуына байланысты. Өңірде 133 спорт түрі дамып жатыр, бұл өңір тұрғындарына дене белсенділігі үшін түрлі мүмкіндіктер ашады.