Ақшұқыр мен Сайын ауылының тұрғындары тіршілік нәрінің бағасы ескертусіз және негізсіз көтерілгеніне наразы. Тұрғындардың сөзінше ауыз су тарифі қазан айында бірден 200 теңгеге көтерілген. Ал мұны жергілікті халық та, ауыл әкімінің өзі де білмей қалған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ақшұқыр мен Сайын ауылында 16 мыңнан астам адам тұрады. Көпшіліктің айтуынша тек осы екі ауылдың тұтынатын суының бағасы бірден қымбаттап кеткен. Ауыл тұрғындары үшін бұрын бір текше метр су 418 теңге болса, енді 662 теңгеге бір-ақ өскен. Тариф құнын өзгерету үшін қоғамдық тыңдауды халыққа ескертпей, өз білгендерінше өткізген дейді тұрғындар. Тіпті хабарландыруды тұтынушыларға түсініксіз етіп жазған деп ашулы.
- Басқа аудандарда су тарифі 261 теңге, одан аспайды. Тек қана Түпқараған ауданы бойынша 418 теңге еді, оның да бағасын 662 теңгеге көтеріп отыр. Біріншіден қоғамдық тыңдау болған жоқ, халықтың келісімін алған жоқ. Мына су жеткізуші мекемені батпақтан шығарып алу үшін, ортадағы делдал мекемелерді «асырау» үшін бағаны көтеріп отыр. Біз оған түбегейлі қарсымыз, - дейді Сайын Шапағатов ауылының тұрғыны Руслан Бағдатов.
- Судың бағасының негізсіз көтерілуі, жасырын түрде істелуі наразылыққа әкеліп тұр. Қоғамдық тыңдау өтті дейді, оны біздің ауылдың әкімі де білмейді, депутаты да білмейді. Қоғамдық тыңдау болатынын Ақшұқыр мен Сайын ауылының 17 мың тұрғынының ішінен бір адамның естімегені бір жұмбақтау болып тұр. Біз бұл Түпқараған әкімдігі жанындағы «Коммуналдық қызмет» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына аудит жүргізілуін талап етеміз. Маңғыстау бойынша емес, республикалық аудиттен келіп тексеру керек. Халықтың барлығы қазір соған қол қойып, құжат дайындап жатырмыз, - дейді Сайын ауылының тұрғыны Сырғалай Меңдібай.
Табиғи монополияларды реттеу департаменті тариф заң бойынша дұрыс бекітілгенін мәлімдеді.
- Бұл ауылдардың халқы субсидияланған мөлшерлеме бойынша төлем жасайды. Яғни тариф қанша теңге болса да 3 текше метрге дейін бір текше метр су үшін 70 теңге төлейді, - дейді Маңғыстау облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Жандос Салимов.
Сондай-ақ департамент тариф бағасы енді өзгертілмейді деп отыр. Ал тұрғындар сотқа жүгінуге дайын екенін жеткізді.
Махаббат Нұржанқызы