Маңғыстау облысында өнер колледжінің студенттері 51 жыл бұрын тұрғызылған балабақшаның ғимаратында дәріс алып жүр. Кабинет жетіспегеннен студенттер емтиханға дәлізде дайындалып жүр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Өнер мамандарын дайындайтын колледждің тіпті сахнасы мен спорт залы жоқ. Ал асхана мен кітапханаға бір топтың студенттері сыймайды. Оқу кабинеттері де саусақпен санарлық. Хореграфия мамандығында оқитындар киім ауыстыратын бөлме мен дайындық залының тіптен тар екенін айтады.
- Біз 30 оқушы болып кішкентай, қуықтай кабинеттің ішінде киініп-шешінеміз. Бізге зал жетіспейді, отыратын жер жоқ. Зал жетіспегеннен колледждің ішінде таңғы 8-ден кешкі 7-ге дейін жүреміз, - дейді студент Арайлым Айтбайқызы.
- Өзім осы өнер колледжінің түлегімін. Мен оқып жүрген кезде «сіздерге жаңа ғимарат салады, үлкен болады, ол мынандай болады» дегенді еститін едім. Содан бері естіп келе жатырмын. Музей салынды, жаңадан кітапхана салынды, театрлар салынайын деп жатыр. Енді неге біздің өнер колледжіне ғимарат салмасқа?, - дейді мұғалім Тынышбек Балтабаев.
Мұғалімдер бөлмесі де жоқ бұл колледждің әжетханасына кіру үшін кезекке тұрамыз дейді студенттер. Ал келесі жыл бұл білім ордасының ашылғанына 30 жыл толады. Ол мерекені мынадай Кеңес үкіметінен қалған ескі ғимаратта қалай тойлаймыз деп отыр. Мұғалімдердің айтуынша ән айтып, домбыра тартатын сабақ өтетін кабинеттің қабырғасы қалың, ішке және сыртқа ашылатын екі есігі болу керек. Ал ондай жағдай бұл колледжге 30 жылдан бері арман болып келе жатыр. Облыстық білім басқармасында бұл олқылықтың орнын толтыру үшін Ақтаудың жаңа шағын ауданынан жер бөлініп тұрғанын айтты.
- Бұл мәселе көптен бері көтеріліп келе жатқан мәселе. Биылғы жылы шешімін тапты. Себебі Ақтау қаласында орналасқан 44 шағын ауданнан Ақтау қаласы әкімінің қаулысымен 2 гектар жер бөлінді. + 2023 жылдан бастап жобалау-іздестіру жұмыстары және жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеу басталады, - дейді Маңғыстау облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Жәния Сармурзина.
Ал құрылыстың қашан басталып, қашан бітетіні әзірге беймәлім. Дегенмен басқарма өкілдері студент санын көбейту үшін ғимаратты кең әрі үлкен етіп тұрғызамыз деп отыр. Ал колледждің студенттері мен оқытушылары осының бәрі айтылып қана қоймай, қарқынды түрде іске асқанын қалайтынын айтады.
Махаббат Нұржанқызы