Маңғыстау облысында «Мектепке жол» республикалық акциясы басталды. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте өңірлік білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Мамаева мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Акцияның мақсаты - оқу жылының басталуына дайындық кезінде аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан оқушыларға, жетім балаларға, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға материалдық қолдау көрсету және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке келмеуінің алдын алу.
- Жыл сайын акция аясында аудандар мен қалаларда кәсіпкерлер қолдауымен мектеп жәрмеңкелері өткізіледі. Кәсіпкерлік және сауда басқармасы, индустриалдық-инновациялық даму басқармасымен бірлесіп 19-22 тамыз аралығында Ақтау қаласындағы «Достық» үйінде еліміздегі отандық тауар өндірушілердің қатысуымен мектеп формасының жәрмеңкесі өткізіледі. Полиция департаменті және білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментімен бірлесе отырып дәлелсіз себептермен мектепке бармайтын балаларды анықтау мақсатында «Түнгі қаладағы балалар» (қоғамдық орындар, компьютерлік клубтар) рейдтері ұйымдастырылады, - деді Гүлмира Мамаева.
Сонымен қатар білім басқармасы, аудан, қала әкімдіктерімен, білім бөлімдерімен, мектептермен бірлесіп жергілікті жердегі меценаттарды, демеушілерді, үкіметтік емес ұйым өкілдерін тарта отырып қайырымдылық көмек көрсету жұмыстарын ұйымдастырады.
Сондай-ақ мемлекеттік жалпы білім беру ұйымдары арқылы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылар балаларына жылдағыдай материалдық көмек көрсетіледі. Атап айтқанда, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балаларға, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балаларға, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, отбасыларда тұратын балаларға, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балаларға қаржылай қолдау көрсетіледі.
Айта кетейік, әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылар арнайы құжаттарды мектепке тапсыруы тиіс. Қосымша ақпаратты ата-аналар балалары оқитын мектептерінен біле алады.