Маңғыстау облысында жұмыссыздық деңгейі 5%, Жаңаөзенде – 5,5% құрайды. Облыстың жұмыспен қамту орталықтарында 17,2 мың адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Нұрлан Ноғаев Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесуде мемлекет жұмыссыздықпен күресу үшін қандай шаралар ұсынғанын айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маңғыстауда жұмыссыздық мәселесін шешу үшін «Жұмыс жасаймын» өңірлік жобасын қоса алғанда, бірқатар шаралар жүзеге асырылуда. Осы жоба аясында 2022 жылы 1,3 млрд. теңге бөлінген. Бүгінде бұл бағдарлама бойынша 780 адам жұмыс істейді. Жұмысшылардың орташа жалақысы 240 мың теңгені құрайды.
2023 жылы 19,6 мың адамды жұмыспен қамту шаралары бойынша жұмысқа орналастыру жоспарланған. Осы мақсатта 10,2 млрд теңге қаржы бөлінген.
Жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген азаматтар үшін субсидияланатын жұмыс орындары ұйымдастырылған. Олар: «Жастар практикасы» «Алғашқы жұмыс орны», «ұрпақтар сабақтастығы», «Күміс жас» жобалары. Осы бағыттар бойынша ағымдағы жылы 7,8 мың адам уақытша жұмыс орындарымен қамтылады.
Бұдан бөлек, өңірде кәсіпкерлікті дамыту үшін халықтың осал топтарының өкілдеріне 400 АЕК (2023 жылы 1,38 млн теңге) көлемінде бизнес-идеяларын іске асыруға бағытталған «Бастау Бизнес» жобасы іске асырылуда. Сондай-ақ, кәсіпкерлікпен айналысамын дейтін жастарға 2,5% шағын несиелер ұсынылады. Бұл мақсатта арнайы 1,1 млрд теңге бөлінді. Оның аясвнда 415 жасқа қолдау көрсетіледі деп күтілуде. Сонымен қатар, биыл шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында биыл «Mangystau business» өңірлік бағдарламасын іске асыру жоспарланған. Жоба аясында кәсібін жаңа бастаған жеке кәсіпкерлер жылдық 1% - бен 50 млн теңгеге дейін несие ала алады.
Өңір басшысы өз баяндамасында Маңғыстау облысының негізгі өнеркәсіптік саласы — химия өнеркәсібі, машина жасау, мұнай өнімдерін өңдеу, құрылыс салу индустриясы мен металлургия өнеркәсібі екенін атап өтті. 2022 жылдың қорытындысы бойынша өңірдің өнеркәсіптік өндіріс көлемі 3,1 трлн. теңгеге жеткен. Оның ішінде өнеркәсіптік өндірістің көлемі - 205 млрд теңге, яғни жалпы үлестің 6,6%-ы. Нұрлан Ноғаев өңірде пысықталып жатқан ірі жобалардың бірі «ҚазМұнайГаз ҰК» АҚ компаниясы ресейлік «Лукойл» мұнай компаниясымен бірлесіп іске асырып жатқан «Қаламқас-теңіз, Хазар және Әуезов» кен орындарын игеру жұмыстары екенін атап өтті.
Жобаның құны 2,7 трлн.теңгені құрайды. Жобаны іске асырудың бастапқы кезеңінде 2 мың жұмыс орны құрылмақ. Ал мұнай өндіру 2028 жылы басталып, жылына 4 миллион тоннаны құрамақ.
Сондай-ақ, өңірде әлеуетті инвесторлармен полипропилен өндіру және металлургия зауытын салу жөніндегі жобаларды іске асыру бойынша келіссөздер жүргізілуде. Егер бұл жоба оң шешімін тапса, оған 900 млрд. теңге инвестицияланып, құрылыс барысында 9 мың жұмыс орны құрылмақ. Ал нысан пайдалануға берілгеннен кейін 3 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнымен қамтылмақ.
Сондай-ақ, облыс әкімі Жаңаөзен қаласында өндірісті оқшаулау аясында алдағы уақытта ұзақ мерзімді шарттар жасасу арқылы 696 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отырғанын айтты.
- Нарықтық экономиканың негізгі талаптарының бірі азаматтардың шағын бизнесті дамыта отырып, өздерінің әл-ауқатын арттыру, мемлекеттен тәуелсіз болу мүмкіндігі. Кәсіппен айналысу және одан табыс табу — бұл барлық өркениетті елдерде қалыптасқан экономикалық тұжырымда. Мәселен, өткен жылы облыстың жұмыссыз азаматтарын жұмысқа орналастыру мақсатында үкіметтік деңгейдегі келіссөздер арқылы "Татнефть" компаниясы 600-ге жуық бос жұмыс орнын ұсынды. Алайда онда қазіргі уақытта тек 43 адам жұмыс істейді. Аймақта жұмыс орындары жетерлік, бірақ жұмыс істегісі келетіндер аз. Көбісі мұнай саласында жұмыс істегісі келеді, тұрғылықты жерін өзгерткісі келмейді. Бір жер тұрып, бір жерде жұмыс істегісі келеді. Алайда, қазір жаңа жағдайларға жағдайларда бейімделу керек. Әсіресе сіздің отбасыңыз болса, балаларыңыз өсіп келе жатса, уақытты босқа кетіргеннен гөрі мүмкіндікті пайдаланған дұрыс, - деді Нұрлан Ноғаев.
Сонымен қатар, өңір басшысы мұнайдың бір кездері аяқталуы мүмкін екенін атап өтті. Сондықтан экономиканы әртараптандыруды одан әрі жандандыратын және экономикалық өсуге қосымша серпін беретін басқа да перспективтік салалар мен өсу нүктелерін зерттеу қажет.
– Білімге және әрқашан дамыуға ұмтылатын өз ісінің шебері-әрқашан бәсекеге қабілетті болады. Жастардың еңбекке деген мотивациясын арттыру қажет. Тек сонда ғана қоғам білікті мамандардан тұратын болады, - деді облыс әкімі.